Үкімет басшысы қазіргі таңда бұл ауқымды көрме жыл сайын әлемнің 130-дан астам елінің өкілдері қатысатын жаһандық іскерлік алаңға айналғанын атап өтті.
"Еліміздің көрмеге мәртебелі қонақ ретінде қатысуы Қазақстан-Қытай қарым-қатынастарының жаңа кезеңі аясында өтіп отыр. Кезекті 30 жылдық циклде біздің елдеріміздің экономикалық кооперация аясындағы өзара іс-қимылы маңызды рөл атқаратын болады. Осы тұрғыда біз үлкен мүмкіндіктерді көріп отырмыз", – деді Әлихан Смайылов.
Премьер-Министр болашақта бірлескен кәсіпорындардың өнім көлемі мен тауар айналымындағы үлесі арта түсетініне сенім білдірді.
"Осыған байланысты, біз барлық мүдделі қытайлық кәсіпорындарды ынтымақтастықты кеңейтуге шақырамыз. Қазақстан Үкіметі қажетті қолдау көрсетугежәне бірлескен жұмыс үшін қолайлы жағдайлар жасауға дайын", – деп атап өтті Үкімет басшысы.
Әлихан Смайылов атап өткендей, қазіргі геосаяси ахуал жағдайында елдеріміздің тұрақты экономикалық дамуы үшін күш-жігерімізді біріктіру бұрынғыдан да зор маңызға ие болмақ.
Ол Қазақстан, басқа елдер сияқты, әлемдік экономиканың алдында тұрған сын-қатерлердің салдарын сезінетінін айтты. Олардың ішінде сауда кедергілері, өндірістік тізбектердің үзілуі және қаржылық тұрақсыздық бар.
"Біз серіктестермен бірлесіп, болашақта жаһандық қауіптердің әсерін барынша азайтуға қабілетті экономикалық кооперацияның практикалық механизмдерін әзірлеуге және іске асыруға дайынбыз", – деп атап өтті Үкімет басшысы.
Бұл тұрғыда Әлихан Смайылов сауда мен трансшекаралық электрондық коммерцияны дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау маңызды екенін атап өтті. Оның айтуынша, 10 жыл ішінде Қытайдың "Бір белдеу, бір жол" бойында орналасқан елдермен тауар айналымының жалпы көлемі $19,5 трлн-ға, ал инвестициялардың жиынтық көлемі – $380 млрд-қа жеткен.
"Орталық Азия өңірінің Қытаймен сауда көлемі де қарқынды өсіп келеді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш $70 млрд-қа жетті, оның 45-і Қазақстанға тиесілі. Осы серпінді сақтау және 2030 жылға қарай тауар айналымын біздің өнімдер $100 млрд-қа дейін жеткізу үшін қажетті жағдайлар бар деп санаймыз", – деді Премьер-Министр.
Үкімет басшысының пікірінше, бұл ретте сауда номенклатурасын кеңейту арқылы экспортты ұлғайту маңызды. Сондай-ақ әкімшілік рәсімдерді, оның ішінде цифрландыру процестерін қолдана отырып, жеңілдету қажет.
Әлихан Смайылов іс-шараға қатысушылардың назарын Қазақстан өзара электрондық алаңдарды кеңінен пайдалануға және бүкіл Еуразия кеңістігінде өнімді бірлесіп жылжытуға мүдделі екеніне аударды.
"Бізде осы бағытта табысты кейстер бар. Біз "Alibaba Group" компаниясымен тығыз жұмыс істеп келеміз, осы жылдың мамыр айында "JD.com" платформасында Қазақстанның Ұлттық павильоны іске қосылды. Логистиканы өзара тиімді негізде оңтайландыру үшін біз Қазақстанда бонд қоймаларының құрылысын дамытуға дайынбыз", – деді Үкімет басшысы.
Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету де маңызды бағыт. Қазақстан әлемдегі ең ірі бидай мен ұн өндірушілердің алғашқы ондығына кіреді. Бүгінде Қазақстанның экологиялық таза майлы дақылдары, ет және басқа да өнімдері Қытайға экспортталуда.
"Қазақстан аграрлық саладағы нақты жобаларды іске асыруға, аймақтық азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға және азық-түлік даму бағдарламаларын қабылдауға дайын", – деді Премьер-Министр.
Үкімет басшысының айтуынша, қазіргі геосаяси жағдайда сауданы дамыту жаңа және стандарттан тыс тәсілдерді қажет етеді. Сондықтан көлік-логистикалық байланыстарды дамыту маңызды.
Қазақстан бүгінде Еуразия континентін Азия-Тынық мұхиты өңірімен байланыстыратын негізгі буынға айнала отырып, өңірлік көлік-логистикалық хаб ретінде маңызды стратегиялық рөл атқарып отыр.
"Қазір Қытайдан Еуропаға бағыт алған барлық құрлықтық-транзиттік тасымалдардың 85%-ға жуығы Қазақстанға тиесілі", – деп атап көрсетті Әлихан Смайылов.
Ол Қазақстан Қытаймен бірлесіп "Батыс Еуропа – Батыс Қытай" халықаралық транзиттік автодәлізі, Ляньюньган портындағы логистикалық орталығы, "Қорғас" халықаралық шекара маңы сауда орталығы, "Қорғас – Шығыс қақпасы" аймағындағы бірлескен құрғақ порт, "Қытай – Қазақстан – Түрікменстан – Иран" жаңа теміржол дәлізі сияқты ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асырып жатқанын атап өтті.
"Контейнерлік тасымалдарды “Қытай – Еуропа” бағыты бойынша одан ары ұлғайту үшін Транскаспий халықаралық көлік бағытын белсенді пайдалануды ұсынамыз. Бұл тауар тасымалдау уақытын екі есеге қысқартуға мүмкіндік береді", – деді Премьер-Министр.
Сонымен қатар Сиань қаласында және Грузияның Поти портында қазақстандық терминалдардың құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Қазақстан-Қытай шекарасында 3-ші теміржол өткізу пунктін, "Бақты" және "Қалжат" өткелдерінде "құрғақ порттарды", Ақтауда контейнерлік хаб салу және Орта дәліз бойында Қара теңіздегі порт қуаттарын кеңейту көзделген.
"Қытайлық көлік компанияларын аталған жобаларға қатысуға, ал көлік-логистикалық операторларды Қазақстандағы трансшекаралық көлік инфрақұрылымын белсенді қолдануға шақырамыз", – деді Әлихан Смайылов.
Сөз соңында Премьер-Министр биыл Шанхай көрмесіне Қазақстанның 30-дан аса өндірушісі қатысып жатқанын атап өтті, көрменің Made in Kazakhstan бренді мен жоғары сапалы тауарларды әрі қарай ауқымды Қытай нарығына шығаруға септігін тигізетініне сенім білдірді.
"Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, баршаңызды Қазақстанның павильондарына шақырамын. Онда біз түрлі салалардағы еліміздің озық жетістіктерін ұсынып отырмыз", – деп қорытындылады Үкімет басшысы.
Қытай халықаралық импорт көрмесінің ашылу салтанатына Австралия Үкімет басшысы Энтони Албанезе, Сербия Премьер-Министрі – Ана Брнабич, ҚХР Мемлекеттік кеңесінің Премьері Ли Цян және Куба Үкімпт басшысы Мануэль Марреро Крус, Иранның бірінші вице-президенті Мохаммад Мохбер қатысты.