Басты серіктестердің бірі – Тимур мен Динара Құлыбаевтар құрған "Halyk" қайырымдылық қоры. Қор балалар ауылын дамытуға және жастармен жұмыс істеудің жаңа бағыттарын, атап айтқанда, жасөспірімдерге арналған интеграцияланған үйлер мен өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларды қолдау бағдарламаларын іске қосуға жүйелі түрде қолдау көрсетті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Ширек ғасырлық шаңырақ
"Мирас" халықаралық мектебінде өткен мерекелік шараға балалар, түлектер, қызметкерлер, тәрбиеші ана-аналар мен серіктестер жиналды. Зал жылы құшаққа, гүлге, көз жасы мен ең жиі айтылған "ана" деген сөзге толы болды. Сахна үлкен бір отбасының бас қосуын еске салды. Түлектер өз өмірлері туралы айтып, балаларының суреттерін көрсетті, қиын сәттерде жанынан табылған жандарға алғыс білдірді.
"Біз бұл жерден сүюді және сүйікті болуды үйрендік", – деді олар.
Тоғысқан тағдырлар
25 жыл ішінде балалар ауылында 200-ден астам бала тәрбиеленді. Қазір олар өздеріне сенімді ересектерге айналды. Солардың бірі – алғашқы түлектің бірі болған кәсіпкер Сұлтан Жеңісхан. Ол өзінің жылы лебізін білдірді.
"Мен осындай мерекенің бір бөлшегі болғаныма қуаныштымын. Осы жерден алған тәрбие менің тұлға болып қалыптасуыма ықпал етті".
"Осындай қолдау болмаса, біз мүлде басқа жолмен жүрер едік. Біз осы жерде қамқорлықтың қадірін біліп, болашағымыздың іргетасын қаладық. Қазір менің отбасым, балам, үйім бар. Осының бәрі осы жерден басталды", – деді ауылдың тағы бір түлегі Ислам Ручкин.
Уақыт сынынан өткен модель
Балалар ауылының моделі отбасылық жүйеге негізделген. Мұнда балалар тәрбиеші ата-аналармен бірге шағын үйлерде тұрып, қарапайым мектепке барады, шығармашылықпен және спортпен айналысады. Қазір ауылдың қамқорлығында 90-ға жуық бала бар.
"Біздің мақсатымыз балаларды бағып-қағу ғана емес, оларды өмірге дайындау", – деді ауыл директоры Гүлнар Үскенбаева.
Интеграцияланған жасөспірімдер үйі – ересек өмірге қадам
2025 жылы Астанадағы SOS балалар ауылы жанынан заманауи тұрғын үй кешенінде орналасқан интеграцияланған жасөспірімдер үйі ашылды. Бұл – жасөспірімдердің ересек өмірге біртіндеп бейімделуіне көмектесетін тың бағыт. Мұнда оларға тәрбиешілері мен "туған ауылдары" қолдау көрсетеді. Осыған ұқсас үйлер Алматы мен Теміртаудағы SOS балалар ауылдарында да бар.
"Биыл біз жастарды дамытуға арналған жаңа бағыт – интеграцияланған жасөспірімдер үйлерін іске қостық. Бұл Астана үшін ғана емес, бүкіл Қазақстан үшін де маңызға ие. Бұл – жасөспірімдерді қолдаудың жаңа тәсілі. Балалар өз бетімен өмір сүруге үйренеді, қалалық ортада өмір сүріп көреді, алайда әрдайым тәрбиешілер мен туған ауылдарының қолдауы бар екенін сезінеді. Жастарды қолдауға арналған жобалардың дені Тимур мен Динара Құлыбаевтар құрған Halyk қайырымдылық қорының қолдауымен іске асып жатыр", – деді "SOS Қазақстан балалар ауылдары" қорының ұлттық директоры Гүлжан Асанова.
"Біз осы балалардың өз үйінде жүргендей сезінуі және дербес өмірге дайындалуы үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатырмыз", – деп атап өтті "Halyk" қорының директоры Сағынбек Шүнкеев.
Жетімдіктің алдын алу – ұлттық басымдық
Балалар ауылынан басқа Астанада балалар мен отбасыларды қолдау орталығы жұмыс істейді. Бұл орталық әлеуметтік жетімдіктің алдын алуға бағытталған. 2020 жылдан бастап 2024 жылға дейін орталық 600-ден астам баланың туған отбасынан алыстауының алдын алып, олардың ата-анасымен ажырамауына көмектескен. Қазір орталықтың сүйемелдеуінде 60 отбасы бар.
Жалпы ел бойынша Алматы, Астана, Қарағанды және Теміртаудағы SOS балалар ауылдарының жұмысының арқасында 2 500-ден астам бала ата-анасынан жырақтамады. Бұл – кешенді жұмыстың нақты нәтижесі.
Мерейтой – өткенге зер салып, алға қарай қадам басатын сәт
"Әр балаға сүйіспеншілікке толы үй" тіркесі мерейтойда ерекше естілді. Біреулер үшін ол 25 жыл бұрын ақиқатқа айналса, біреулер үшін енді ғана басталып жатыр. Ауылдың алға қойған мақсаттары биік: жаңа интеграцияланған үйлер, отбасыларды қолдау бағдарламалары, түлектерді өз бетінше өмір сүруге дайындау. Алайда, мұндағы басты жетістік түлектердің өз "аналарына" қарай асыға кезекке тұруы шығар. Олар есейген, сенімді әрі бақытты балалар.