Қазақстан командасының үздігі Алина Әділханова жарақатынан айыққан соң, алғаш рет сынға түскелі отыр, деп хабарлайды Olympic.kz.
Әлия Юсупова Алинаның қазіргі жағдайы туралы әңгімеледі.
"Алина ұзақ үзілістен соң спортқа қайта оралды. Ол екі айдай жаттығу жасаған жоқ. Оның жарақатын көрген дәрігерлер қандай да бір дайындық жүргізуге тыйым салды. Сондықтан, Минскідегі әлем кубогі кезеңі біраз үзілістен кейінгі алғашқы жарыс болмақ. Әрине, оңай емес. Үзілістен соң бұрынғы бабыңа оралу қиын. Спортшы кезімде мұндай жағдай менің де басымнан өтті. Жарақат алып, төрт ай бойы жаттығу мен жарыстан алшақтап қалдым. Дегенмен, бұл үлкен спорт. Алинаға көмегімді аямаймын. Бұл жерде ең басты нәрсе – психологиялық және моральдік қиындықтан өтіп кету. Ол барынша тырысуда, жарысқа қатыссам деген мақсаты айқын. Минскідегі турнирде мейілінше жақсы өнер көрсетуге тырысамыз. Қолдау көрсеткен баршаңызға алғысым айтқым келеді", – дейді Юсупова.