Алматы облысында тұңғыш рет "Арба бәйгесі" жарысы өтті. Қазақстанда білім алып жатқан шетелдік студенттер 9 күн бойы Іле Алатауының баурайында, Кеген ауданындағы Қарқара жайлауында көшпенділердің тұрмыс салтымен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Тартысты бәйгеге Қазақстан, Үндістан, Қытай, Өзбекстан командалары қатысты. Әр командада 10 мүше болды. Оларға қойылған талап оңай болмады. Барлық командалар жазық далада арбамен жарысты, түрлі қиындықтарға тап болды. Біреулерінің арбасы сынды. Сондай-ақ жарыстағы қиын талаптың бірі ол – нысана көздеу. Арбаны сүйретіп келе жатқан арбакеш және арбаның үстіндегі команда мүшесі садақпен нысанаға атуға тиіс. Егер жебе нысанаға дөп түспесе, команда мүшесіне жүгіруге тура келеді.
Ал мұндағы арбалардың дизайны да ерекше. Жарысты ұйымдастырушылардың бірі Дәурен Уалиев айтуынша, бұл арбалардың барлығы осы жарыс үшін арнайы жасалған.
"Мына көріп тұрған арба бұл 4 мың жылдық тарихы бар мына петроглифтің көшірмесі. 4 мың жыл бұрын біздің ата-бабаларымыз осындай көлік түрін ойлап тапқан. Бұл арбаның дөңгелегін бір қолмен қозғалтуға болады. Жеңіл қозғалады. 12 арбаны дайындау үшін бір ай уақыт кетті", – деді Дәурен Уалиев.
Арба бәйгесінде барлық кедергілерден Қазақстан командасы мүдірмей өтіп, бас жүлдені жеңіп алды. Жарыста Үндістан мен Өзбекстан командалары да жақсы нәтиже көрсетті.