Іс-шара отандық құрылыс материалдары мен мектеп жиһаздарының көрмесінен басталды. Алматы қаласының, сондай-ақ жақын маңдағы өңірлердің өндірушілері кабельден бастап, заманауи парталар, қасбет жабындарына дейін материалдарын ұсынды.
"Мектептерді салу және жабдықтау үшін қажетті көптеген өнім шығарылып жатыр. Кейбір компаниялар мектеп құрылысына арналған өнімдер туралы жеке буклеттер, каталогтар дайындап келген. Министрлік те бұған назар аударады деп үміттенеміз. Бұл да маңызды", – деп атап өтті Алматы қаласы әкімінің орынбасары Әлішер Әбдіқадыров.
Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасының төрағасы Әуез Тәймбетов бүгінгі кеңестің мақсаты – Мемлекет басшысының отандық тауар өндірушілерін қолдау жөніндегі тапсырмаларын орындау екенін атап өтті. Спикердің айтуынша, Алматыда 12 мектепті салу бойынша алғашқы мердігерлер анықталды.
"Алматыда ұлттық жоба аясында 22 мектеп салу жоспарланған. Болжам бойынша, 2030 жылға дейінгі мектеп жасындағы балалардың жыл сайынғы өсуі шамамен 13-14 мыңды құрайды, сондықтан орын тапшылығы проблемасы "созылмалы" сипатқа ие. Биылғы жылы 22 лоттың 13-і жарияланды. Бір лот болған жоқ. 12 мектептің 9-ын "Bazis Construction" ЖШС салады, тағы 3 мектепті – BI Urban Construction салады. Бүгін тапсырыс берушілер, мердігерлер мен өндірушілердің қатысуымен жобаны одан әрі іске асыруды талқылау бойынша кездесу өтіп жатыр", – деп атап өтті Әуез Тәймбетов.
Еске салсақ, ҚР Үкіметінің 2022 жылғы 30 қарашадағы № 963 қаулысымен оқушы орындарының жетіспеушілігі мәселесін шешу үшін "Жайлы мектеп" білім беру саласындағы ұлттық жоба бекітілді.