Алматыда аяқ киім саудасымен айналысатын кәсіпкерлер таңбалауға қарсы

455

2022 жылы ресми импорт 30 пайызға өсті

Алматыда аяқ киім саудасымен айналысатын кәсіпкерлер таңбалауға қарсы Фото: pexels.com

Алматыда аяқ киім саудасымен айналысатын кәсіпкерлер таңбалауға қарсы! Олар үкімет дәл бұлай көлеңкелі бизнеспен күресе алмайды деп отыр. Бүгін ашынған кәсіпкерлер базарлардың бірінің алдына кішігірім митингке шықты. Плакат ұстағандар бұл заңның еш тиімділігі жоқ дейді. 

Аяқ киімді таңбалау кәсіпкерлерді қосымша шығынға батырады. Осылай деп шырылдаған саудагерлер бүгін базарлардың бірінің алдына митингке шықты. Олардың бір ғана талабы бар. Кәсіпкерлер аяқ киімді таңбалауға міндеттейтін заңды алып тастау керек деп отыр. Өйткені, әрбір аяқ киімді сататын бутикке 1 млн теңгеден асатын құрылғыны сатып алуға көбінің шамасы жетпейді. Сондай-ақ, әрбір қорапқа таңба басатын қосымша адамды жұмысқа алу қажет. Нәтижесінде, бұл керексіз шығындар аяқ киімнің бағасының өсуіне әсер етеді. 

"Аяқ киімді таңбалауды қажет емес деп санаймыз. Себебі, бұл кәсіпкерді қосымша шығындануға мәжбүрлейді. Сәйкесінше, аяқ киімнің бағасын кемінде 30 пайызға өсіруге тура келеді. Онсызда қымбатшылық қысып тұрғанда бағаның өсуі халықтың қалтасына салмақ салады. Өздеріңіз білесіздер, елімізде әлеуметтік осал топтар мен көпбалалы отбасылар бар", – дейді заңгер, аяқ киім өнімдерін импорттаушылар мен дистрибьюторлар қауымдастығының өкілі                                                              
Айнұр Қайдарова.

Оған қоса, кәсіпкерлер таңбалау жүйесіндегі аяқ киім жайлы ақпараттың анық-қанығын ешкім тексермейді. Оның өзі базада болғаны 3 күн ғана сақталады, деп отыр. 

Бұл таңбалау туралы заң көлеңкелі экономика, контрафакт және контрабандамен күресуге қауқары жетпейді дейді кәсіпкерлер. Ал сауда және интеграция министрлігі керісінше таңбалаудың аса қажет екенін айтып отыр. Оның арқасында тауардың қайдан шыққанын, кімнің сатқанын біліп отыруға болады дейді. 

"Мәселен тек 2022 жылы ресми импорт 30 пайызға өсті. Бұл шамамен 13 миллион жұп. Ал 2021 жылы бұл көрсеткіш 30 пайызға аз болған. Менің ойымша, бұл сандар көп нәрсеге дәлел бола алады. Егер өнім Қазақстанға ресми түрде кірсе, онда тауардың қауіпсіздігіне еш алаңдамауға болады. Демек, барлық тиісті процедуралардан өту керек, – дейді ҚР Сауда және интеграция министрлігі техникалық реттеу және метрология комитеті төрағасының орынбасары Станислав Кәрімов. 

Айта кетейік, биыл сәуірде қолданысқа енген ережеге сәйкес елімізде бір де бір тауар таңбалаусыз сатылмауы қажет. Енді амалы таусылған кәсіпкерлер петиция құрып, бұл заңға қарсы шығуды жалғастыра бермек. Өйткені, олар елімізде таңбалауды енгізген кәсіпкерлер саусақпен санарлық дейді. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу