Оңтүсік астанада ішімдік ішіп көлік тізгініне отырған жүргізушілерді анықтауға бағытталған түнгі рейд басталды. Бұл туралы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
"Өткен түні арнайы патрульдік полиция батальоны ішімдік ішіп, есірткі шеккен бірнеше адам анықтады. ЖПП қызметкері Медеу ауданында жеке көлігін тізгіндеген сыра зауытының жүргізушісін тоқтатты. Сараптама нәтижесінде оның ішімдік ішкені анықталды. 1983 жылы туған азамат аудан аралық әкімшілік соттың шешімімен 7 жылға көлік жүргізу куәлігінен айырылып, 15 тәулікке қамауға алынды", – деп хабарлады қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Сонымен қатар құқық қорғау органдарының мамандары есірткі шегіп көлік тізгіндеген азаматтарды да құрықтаған.
"Түрксіб ауданында Nissan маркалы көлік жүргізіп келе жатқан 1975 жылы туған азамат тоқтатылды. Медициналық сараптама нәтижесінде 45 жастағы жүргізуші көлікті есірткі шеккен күйде жүргізгені белгілі болды. Оған әкімшілік кодекстің 608 бабы бойынша хаттама толтырылды. Сонымен қатар 7 жылға көлік жүргізу куәлігінен айырылып, 15 тәулікке тұтқындалды", – деді полиция департаментінде.
Жалпы өткен түні ішімдік ішіп көлік тізгіндеген үш жүргізуші анықталған. Осындай заңға қайшы әрекеттерге баратындарды құрықтауға бағытталған түнгі рейд әлі де жалғасуда.