Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Алматы қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс эпидемиологы Эльвира Ибрагимова мен Алматы қалалық Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бас маманы Владимир Юсупов айтты.
Спикерлердің айтуынша, 2022 жылы Алматы қаласында қызылша мен қызамықтың зертханалық расталған жағдайы тіркелмеген. Бірақ көші-қон факторларын ескере отырып, мамандар бұл инфекцияның қауіпті екенін ескертеді.
"Қызылша ауруының алдын алу – өте өзекті мәселе. Бүгінгі таңда бұл ауру Ресей Федерациясы, Қырғыз Республикасы сияқты елдерде, Украинада да тіркелген. Шекаралас мемлекеттер, атап айтқанда Ресей Федерациясында бірқатар өңірлерде қызылшаның зертханалық расталған жағдайлары анықталды. Бұл Новосибирск облысы, Омбы облысы және Алтай аймағы. Алматыда қызылшаның зертханалық расталған жағдайы тіркелген жоқ. Соған қарамастан, бұл инфекцияның таралуын болдырмау үшін барлық профилактикалық іс-шаралар жүргізілуде", - деді Владимир Юсупов.
Маманның айтуынша, инфекцияның алдын алу мен таралуын болдырмауда екпенің алатын орны ерекше. Мәселен, 2022 жылы қызылшаға қарсы профилактикалық вакцинамен балалардың 99,1%-ы қамтылды.
Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс эпидемиологы Эльвира Ибрагимова балалардың Ұлттық екпе күнтізбесі бойынша препарат бір жаста және алты жаста егілетінін еске салды.
"Алматы қаласында вакцина жеткілікті. Әрбір бала өзі тіркеуде тұрған емханада тегін екпе ала алады. Барлық вакциналар тегін беріледі. Сондықтан, егер баланың жасы толған болса, біз тіркелген вакцинация жасаймыз. Вакцинация дозасы - 0,5 мл. Ол Үндістанда шығарылады. Бұл вакцина соңғы 10 жыл бойы қолданылып келеді. Осы вакцинадан кейін асқынулар тіркелмеген. Вакцинация – бұл ауруға қарсы маңызды профилактикалық шара екенін тағы да еске саламыз", - деп атап өтті спикер.
Оның үстіне эпидемиологтың айтуынша, бұл вакцина баланы қызылшадан ғана емес, қызамық пен паротиттен де сақтайды, вакцина алған адамдар сирек ауырады.
Қызылшаның негізгі белгілері: жоғары температура, әлсіздік, жөтел, мұрыннан су ағу, ауыз қуысының шырышты қабатында ақ дақтар, ірі қызыл дақтар түріндегі бөртпе және жақ асты лимфа түйіндерінің ұлғаюы.