Электр автобустар шығаратын зауыттың құрылыс аяқталды. Сынақ түріндегі көліктер сертификаттаудан өтіп, тіпті мемлекеттік нөмір де алып қойды. Бірақ жаппай өндіру әзір басталмайды. Бұл туралы forbes.kz жазыр отыр.
"Парасат" ғылыми холдингінің зауытында қытайдың Higer компаниясының технологиясы бойынша электрлі жетеккүші бар ұзындығы 8,5 метрлік автобус құрастырылды. Автобус 53 жолаушыға шақталған. Ал ұзындығы 12 метрлік автобустың сыйымдылығы – 110 жолаушы. Қазақстанда құрастырылған автобусқа Quazar атауы берілген. Техникалық сипаты жайлы егжей-тегжей айтылмайды. Тек белгілі болғаны, жасаушылар автобусқа төмен температуралық режимде жұмыс істей беретін (30 градусқа дейін) және 8 минутта қуаттанатын титан-литийлі аккумулятор орнатқан. Ол қала көшелеріне лайықталған Higer автобусының 70 шақырымды еңсеруіне мүмкіндік береді.
Жасаушылардың айтуынша, электр автобус Еуропаның дизельдік нұсқасынан 40 мың долларға қымбатырақ, дегенмен оны пайдалану екі есе арзанға түспек. Мәселен қалалық бағдардағы бір жұмыс күнінде 300 шақырым жүрген дизельдік автобус қазіргі бағамен 22 мың теңгенің жанармайын шығындаса, ал электр автобус 3200 теңгенің энергиясын тұтынатын көрінеді. Салыстырмалы түрде алғанда инфрақұрылым да арзанға түседі. Атап айтқанда, газ толтыру бекетінің құрылысына 1 млрд теңге кетсе, ал 10 электр автобусқа шақталған қуаттау стансасын салуға кететін қаржы 16 млн теңгеден аспайды.
Бастапқыда зауытта жылына бір ауысыммен 300 көлік шығару жоспарда бар. Егер тапсырыс көлемі артатын болса, онда екінші ауысымды іске қосып, жылына 1 мың автобус шығаруды ойластырып отыр. Қазір "Парасат" зауытының өкілдері Quazar автобустарын қалалық бағдарларға шығару жөнінде шенеуніктермен және көлік компанияларымен келіссөздер жүргізіп жатыр.