Алматыда "Жамбыл. Жаңа дәуір" тарихи фильмінің алғашқы көрсетілімі өтті

4087

Картинаның алғашқы көрермендері болу журналистер мен Алматыдағы "SOS" балалар ауылының жеткіншектеріне бұйырды. 

 Алматыда "Жамбыл. Жаңа дәуір" тарихи фильмінің алғашқы көрсетілімі өтті

19 желтоқсан күні Алматы қаласындағы "Chaplin MEGA Alma-Ata" кинотеатрында "Жамбыл. Жаңа дәуір" көркем фильмінің пресс-көрсетілімі өтті, деп хабарлайды Inbusiness.kz.

Фильмнің оқиғалар желісі Жамбыл Жабаевтың өмірінің соңғы 9 жылын қамтиды. Дәл осы кезеңде ақынның аты бүкіл кеңестер одағына дүркірей танылған болатын, бірақ ақынның басына түскен бар атақ-даңқтың басқа қырын бірі білсе, бірі білмейді.

Жамбыл Жабаев тоқсанға келгенде Қазақстан өнерпаздарының екінші слетіне қатысып, ақындар арасында бас жүлде алады. Оның Сұраншы батыр жайлы дастанын Қалмақан Әбдіқадыров қолма-қол жазып алып, газетке басады. Осы оқиғадан соң, совет идеологиясын жасаушылар Жамбылдың абыройы мен танымалдығын пайдалануға кіріседі. Жамбыл тұлғасымен толықтай айналыса бастайды. Оның көптеген өлеңдерін совет саясатына теліп бұрмалайды. Алайда, Жамбыл бұған дейін де қазақ арасында зор абырой мен кең танымалдыққа ие болатын. Ол өзінің өлеңдерін бұрмалаушылармен келісімге келгісі жоқ еді. Бірақ совет билігі қолдағы бар тетіктерді пайдалана отырып, оның асау басын ноқтаға сыйдыруға тырысады. Міне, фильм желісі суырып салма ақынның өмірінің осы тұсына көбірек мән береді.

Сондықтан Қоқан бектерінің құқайы, патшалық Ресейдің әмірі тұсында сыналып, советтік жүйенің озбыр саясатында әбден піскен терең тұлға Жамбыл Жабаевтың өміріне қатысты аңыз-әңгеме, дау-дамай көптігін ескерген режиссер Жандос Құсайынов оның ообразын барынша шынайы көрсетуге тырысқан.

"Жамбыл атамыздың есіміне байланыстырыла айтылатын, шындыққа сәйкес келе бермейтін неше түрлі аңыз-оқиғалар, әңгімелер көбейіп кеткеніне қынжылып, мен ұлы ақынның шынайы образын халыққа көрсеткім келді. Сол дәуірге терең бойлай отырып, нақты әрі шынайы фактілерге қол жеткізу үшін мен тарихи-мұрағаттық құжаттарды ақтарып, ақын туралы сол дәуірдің жазушылары тарапынан жазылған кітаптарды оқып шықтым. Бірақ мен деректі фильм түсіріп жатпағанымды, сондай-ақ тек тарихи емес, көркем шындық құқығын өзіме қалдыратынымды атап өткім келеді", - деді Жандос Құсайынов, сценарий авторы әрі режиссер.

Тарихи-көркем фильмнің түсірілімі 2021 жылы, Қазақстан көлемінде ақынның 175 жылдығы аталып өтіп жатқан жылмен тұспа-тұс келді. Фильмді түсіру ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен Ұлттық киноны қолдау Мемлекеттік орталығының қолдауымен іске асырылды.

Режиссер сөзіне сенсек түсірілім басталарда ең қиыны - басты рөлге актер таңдау болған екен.

"Басты рөлді сомдайтын актерді көп іздедік. Режиссер үшін ең маңызды болғаны ол актер түр-әлпетінің ақын бейнесіне дәлме-дәл келуі: "Ол үшін біз басты рөлге үміткердің фотосуретін алып оның түрін "қартайттық", - деді Жандос Құсайынов.

Фильмде одан басқа рөлдерді Алмас Шаяхметов, Анна Старченко, Асан Мәжіт, Ерік Жолжақсынов, Фархад Махмудов, Филипп Волошин сында танымал актерлер сомдады.

Түсірілімге кәсіби актерлерден бөлек, балалар да қатысқан. Картинаның әлеуметтік әріптесі "Samruk-Kazyna Trust" Әлеуметтік жобаларды дамыту қоры болды. Қордың бастамашылығының арқасында 2022 жылдың көктемінде аталмыш картинаны түсірушілер балалар арасында республикалық кастинг өткізді. Кастинг кезінде қоғамның әлеуметтік аз қамтылған отбасыларының балалары мен білімі ерекше жетілген балалар да кеңінен қамтылды. Келіп түскен 1200-ден астам өтініш иелері арасынан фильм авторлары 35 баланы таңдап алып, олар фильмде әртүрлі деңгейлі рөлдерді сомдау мүмкіндігіне ие болды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу