Алматыдағы өрт: терезеден секірудің қажеті бар ма еді?

615

Құтқарушылар кеңес берді.  

Алматыдағы өрт: терезеден секірудің қажеті бар ма еді?

Алматы қалалық ТЖД бастығының міндетін атқарушы, полковник Ерлан Әлібеков пәтерде өрт болған жағдайда не істеу қажет екенін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Спикердің айтуынша, Алматыдағы "Ақкент" тұрғын үй кешенінде өрт шыққан кезде тұрғындар үрейге бой алдырып, дүрбелеңге түскен.

"Мұндай жағдайда үрейге бой алдырмай, тыныштық сақтау керек. Өз бетінше эвакуация жасап, көшеге шығуға тырысқан жөн. Егер өрт шығуға мүмкіндік бермесе, мақта-дәке таңғышын қолданып, пәтер есігінен ең алыс жер – таза ауа ағыны бар балконға шыққан дұрыс. Онда түтінді сыртқа шығармау үшін есікті мықтап жауып, дымқыл шүберектерді қолдану керек. Кейін балконда көмекті күте тұруға болады.

Тұрғындардың көбі құтқарушылар келгенше, секірген. Құтқарушылар келген соң, марқұмның анасын алып шығып жатқан сәтте, қыз секіріп кеткен. Жиырма секунд күткенде, балконда тұрғанда, біздің құтқарушылар оларды да алып шығар еді", - деді Ерлан Әлібеков.

Еске салайық, кеше Алматыда 16 қабатты үйде өрт тұтанды. Қызыл жалын сағат 18:46 кезінде оқшауланып, сөндірілді. 31 адам, оның ішінде 16 бала ауруханаға жеткізілген.

Өрттен қашқан тұрғындар балаларын терезеден лақтырды. Зардап шеккендердің ішінде 2 жүкті әйел бар.

Оқыс оқиға салдарынан бір адам мерт болды. Марқұм Әсел Бекмұхаметованың отбасына қажетті көмек көрсетіледі. Марқұмды жерлеу рәсімі Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Қаражота ауылында өтеді.

"Ақкент" тұрғын үй кешенін салушы компания Әсел Бекмұхамбетованың отбасына екі бөлмелі пәтер беретін болды.

Осы өртке қатысты екі қылмыстық іс қозғалды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу