Алматыдағы ЖЭО-2 газға көшіру мәселесі қалай жүргізіліп жатыр

2051

Газға ауысқан соң шығарындылар 12 есеге қысқарады.

Алматыдағы ЖЭО-2 газға көшіру мәселесі қалай жүргізіліп жатыр Фото: Almaty.tv

Алматыдағы ЖЭО-2 газға көшіру келесі жылы басталып, 2026 жылы аяқталады. Бұл туралы Парламент Мәжілісіндегі "AMANAT" партиясы фракциясы депутаттарының нысанға экскурсиясы барысында айтылды, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты Almaty.tv арнасына сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үш жыл бұрын электр орталығын жаңғырту қажет екеннін айтып, өзі капсуланы қалап кеткен еді. Бүгін халық қалаулылары нысанның жұмысымен танысып, мамандардың есебін тыңдады.

Алматының екінші жылу электр орталығы газға ауысқан соң шығарындылар 12 есеге қысқарады. Кәсіпорын жыл сайын жылыту маусымында шамамен 1 жарым млн тонна көмір жағып, шамамен 660 мың тонна күл шығарады. Ал орталық табиғи газға көшірілсе, 2026 жылға қарай зиянды қалдықтың көлемі 37 мың тоннадан 3 мың тоннаға дейін төмендеуі мүмкін. Қазір жылу электр стансасы бойынша жобалау-сметалық құжаттар әзірленіп жатыр.

"AMANAT"  партиясының Жол картасы шеңберінде осы нысанға мен жауаптымын. Орталық газға ауысқаннан кейін жағдай жақсарып, алматылықтардың денсаулығына оң әсерін тигізеді деген ойдамыз. Тек Алматы емес, Алматы агломерациясы үшін маңызды жұмыс", – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Сергей Пономарев.

Еске сала кетейік, өткен жылдың қараша айында газ жүргізу жұмыстарының бірінші кезеңінде екі автоматтандырылған газ тарату стансасының құрылысы аяқталған еді. Ол Мемлекет басшысының нысанды газға көшіру жөніндегі тапсырмасын іске асырудағы алғашқы қадам болды.

"Қуантатын бір жайт – газға көшілісе, ауаға екі мың тонна лас зат тарайды. Ал қазіргі көмірмен істеп тұрған стансадан шығатын зиянды қалдық көлемі 37 мың тонна. Қаланың ауасы тазаланады", – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Айгүл Құспан.

Сондай-ақ депутаттарды алаңдатқаны – орталықтағы жұмысшылардың баспана мәселесі. Орта есеппен 400 мың теңгеге жуық жалақы алатын қызметкерлер мемлекеттік бағдарлама аясында үй ала алмайды.

"Бір байқағанымыз, қызметкерлер көбіне жас. Олар "Алматы жастары" тұрғын үй бағдарламасына ілікпейді. Компания қаланың бюдждетіне қарамайды. Мамандардың тұрақтануы үшін оларды қаланың бағдарламасына енгізу деген мәслихаттың шешімі бар ма екен? Мәселені жұмыс басталғаннан кейін көтереміз?", – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Айдос Сарым.

Айта кетейік, қазір шаһарда ҚР Парламенті Мәжілісіндегі "AMANAT" партиясы фракциясы депутаттарының халықпен жыл сайынғы кездесуі өтіп жатыр. Сапар барысында Алматы қаласы бойынша 2023-2027 жылдарға арналған "AMANAT" партиясының сайлауалды бағдарламасының іске асырылуына, сондай-ақ еліміздің ірі мегаполисінің проблемаларына мониторинг жүргізіледі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу