Петиция авторы Татьяна Б. мұндай шешімнің қала экологиясына кері әсер ететінін айтып, бірнеше дәлел келтірді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Оның айтуынша, ашық арықтар қаладағы "жылу аралы" әсерін азайтып, жерге жақын ауа температурасын 2-4 градусқа төмендетуге көмектеседі. Ал құрылыс тығыз орналасқан аудандарда температура тау бөктерімен салыстырғанда орта есеппен 3,5-5 градусқа жоғары болады.
– Арықтар Алматының мәдени коды ғана емес, ондаған жылдар бойы жаңбыр мен еріген қар суын бұрып, көшелерді табиғи түрде салқындататын құрал. Ал бұл жүйені жабу ыстықты күшейтіп, топырақтың ылғалдануын нашарлатады, ауа сапасының нашарлауына да әкеледі, – дейді петиция авторлары.
Бұдан бөлек, таулы-аңғарлық ауа айналымы бұзылып, құстардың су ішуіне де кедергі келтіреді деген пікір айтылған.
Сонымен қатар мұндай тәжірибе ҚР Экологиялық кодексінің 13-бабына және "Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы" заңға қайшы келеді. Осыған байланысты петиция авторлары Алматы аумағында арықтарды бетонмен жабуға мораторий енгізуді, бұрын жабылғандарын кезең-кезеңімен қалпына келтіруді талап етеді.
Қазір петиция модерациядан өту үшін қажетті алғашқы 50 қолды жинады. Енді ол 20 жұмыс күні ішінде қаралады. Егер мақұлданса, қазақстандықтар оған ресми түрде қол қоя алады.