Алматыда еріктілер жылын өткізу аясында 78 іс-шарадан тұратын шаралар жоспары бекітілді. Оның ішінде 700 мыңнан астам адамды қамтыған 12 серпінді жоба бар. Барлық жобалар мен іс - шаралар Мемлекет басшысы белгілеген міндеттерге сәйкес әзірленді және үйлестірілді. Оның ішінде волонтерлікті "Сабақтастық", "Саулық", "Таза әлем", "Асыл мұра", "Қамқор", "Білім", "Үміт" бағыттары бойынша дамыту жобалары бар.
Карантиннің бірінші күнінен бастап Алматы қаласының әкімдігі Жастар лофт-орталығының негізінде жедел волонтерлік штабы құрылып, оның құрамына қалалық волонтерлік, медициналық және қоғамдық ұйымдар енді.
Жалпы қала бойынша 1000-ға жуық волонтер жұмыс істеді, оның ішінде штабқа 100-ге жуық тұрақты волонтер тартылды. Еріктілерге коронавирустың таралуы жағдайында қауіпсіздік техникасы мен гигиена ережелері үйретілді. Сонымен қатар, еріктілерге төтенше жағдай кезіндегі сақтық шаралары мен мінез-құлық ережелері туралы қажетті нұсқаулар берілді.
Штабтың негізгі қызметі халықтың мұқтаж санаттарына көмек көрсетуге бағытталды.
"Пандемия кезінде 26 мыңнан астам мұқтаж азаматқа азық-түлік пакеттері, медициналық бетперделер тарату, дәрі-дәрмек жеткізу түрінде көмек көрсетілді. Штаб тұрақты негізде қоғамдық орындарға мониторинг жүргізді. Заң бұзушылықтар анықталған кезде уәкілетті органдар кәсіпорындардың жұмысын шектейтін шаралар қабылдады. Сондай-ақ, еріктілер қалалық медицина қызметкерлеріне басқа елдерден келген азаматтарды ауруханаларға орналастыруға көмектесті", - деді спикер.
Осы уақытқа дейін жедел еріктілер штабының волонтерлері келесі бағыттар бойынша көмек көрсетті:
- 4115 мұқтаж және әлеуметтік осал азаматтарға көмек көрсетілді, 193 отбасына медициналық бетперделер таратылды, ірі супермаркеттерде 9972 азық-түлік пакеттері әзірленді;
- 166 нысанда қоғамдық мониторинг жүргізілді, оның ішінде 80 нысанда заң бұзушылықтар анықталды, оның қорытындысы бойынша уәкілетті органдар тиісті шаралар қабылдады;
- қаланың 100 дәріханасында қажетті дәрі-дәрмектердің бағасын негізсіз көтеру фактілерін анықтауға қоғамдық мониторинг жүргізілді, оның қорытындысы бойынша уәкілетті органдар тиісті шаралар қабылдады;
- симптомсыз коронавирустық инфекциямен ауыратын 80-нен астам тұрғынға дәрі-дәрмектерді тасымалдауға көмек көрсетілді;
- 5000 гуманитарлық көмек қорапшасын тасымалдау жұмыстарына ат салысты;
-6250 тұрғынға жедел желі телефоны арқылы адамдармен байланыссыз ақпараттық-түсіндіру жұмыстары көрсетілді (күн сайын call-орталыққа 100-ден астам қоңырау түседі).
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін волонтер жылының ресми жабылуы аясында Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы және Мемлекет басшысының атынан волонтерлер мен жастар ұйымдарының өкілдеріне марапаттар мен алғыс хаттарды табыстаған болатын.