"Алтын Орда" базарында жаңа бақылау жүйесі енгізіледі

158

Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары, Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Мәжіліс депутаттарының сауалына жауап беру барысында мәлімдеді. 

"Алтын Орда" базарында жаңа бақылау жүйесі енгізіледі Фото: informburo.kz

Үкімет Алматыдағы "Алтын Орда" базарында көлеңкелі экономиканы азайту мақсатында жаңа цифрлық жүйені енгізуді жоспарлап отыр, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Министрдің айтуынша, "Digital Базар" пилоттық жобасы аясында сауда нүктелерін жалға алу төлемдерін электронды форматқа көшіру, QR арқылы төлем қабылдау, кассалық есеп жүргізу және цифрлық кредит беру тетіктері енгізілуде. Қазіргі таңда жоба Алматы қаласындағы 6 базарда жүзеге асырылып, оған 1700-ден астам кәсіпкер қосылған.

— "Digital Базар" пилоттық жобасын "Алтын Орда" базарына енгізу жоспарланып отыр. 2024 жылғы желтоқсанда министрлік базар өкілдерімен және Халық Банкімен бірлесіп, базарды цифрландыру мәселелері бойынша кеңес өткізді. Жаңа жүйе әкімшілік жүктемені азайтуға, төлемдердің ашықтығын қамтамасыз етуге, бағаны тұрақтандыруға және тұтынушыларға жеңілдіктер ұсынуға мүмкіндік береді, — деді Серік Жұманғарин.

Үкіметтің деректері бойынша, 2023 жылы көлеңкелі экономиканың үлесі ЖІӨ-нің 17,52%-ын құрады. Яғни, елдің жалпы ішкі өнімі 119,8 трлн теңге болса, оның 20,9 трлн теңгесі көлеңкелі айналымға түскен.

Айта кетейік, 2024 жылдың басында "Алтын Орда" базарында картоп бағасының күрт 70 теңгеге қымбаттауы қоғамда үлкен резонанс тудырған еді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу