Атырау мұнай өңдеу зауытының каналды ластауға қатысты атышулы ісі бойынша бүгін қорытындылар жарияланды, деп хабарлайды ATPress kz.
Қорытындыны Атырау облысы бойынша экология департаменті басшысының орынбасары - бас мемлекеттік экология инспекторы Сырым Тілегенов өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында мәлімдеді. Еске сала кетелік, 2020 жылдың 1 қарашасында АМӨЗ сарқынды сулар каналына биологиялық шламдар мен мұнай өнімдерін ағызып жібергендігі анықталған болатын. Сол кезде, Атырау облысы бойынша экология департаменті жергілікті қоғам өкілдерімен бірлесіп, Атырау қаласының экологиялық ахуалына мониторинг жүргізу барысында АМӨЗ тарапынан сарқынды суларды ағызу кезінде, ағызылған су құрамында мұнай өнімдері мен биологиялық шламның сумен бірге ағып жатқандығын тіркеді.
Аталған жерге Департаменттің зертханалық-талдамалы бақылау бөлімі мамандары келіп, ағып жатқан сарқынды судан сынама алғаны да белгілі. Сонымен қатар, осы факті бойынша тексеріс тағайындалып, бүгінгі таңда мұнай өңдеу зауытына қатысты жоспардан тыс тексеріс жүргізіліп, аяқталды.
Алынған сынамадағы су құрамында жобалық құжаттамада белгіленген эмиссияның нормадан асу фактілері анықталған. Атап айтқанда: жалпы темір және құрғақ қалдықтар бойынша 1,5 есе, сульфат бойынша 2,5 есе, азот амоний бойынша 5 есе, мұнай өнімдері бойынша 6 есе және өлшеулі заттар бойынша 628 есе асу фактілері тіркеліпті.
"Аталған жайдың орын алу себебі зауыттың сарқынды суды биологиялық тазалау қондырғысында орын алған ауытқумен байланысты болып отыр. Өз әрекетімен "АМӨЗ" ЖШС-гі ҚР ӘҚБтК-нің 325, 328 және 331- баптарын бұзды", - деді Сырым Тілегенов.
Алайда, ҚР Экологиялық кодексінің (ЭК) 130- бабының 2-тармағының 6- тармақшасына сәйкес, өндiрiстiк экологиялық бақылау жүргiзу кезiнде табиғат пайдаланушы өндiрiстiк экологиялық бақылау процесiнде анықталған, Экологиялық заңнаманы бұзу фактiлерi туралы қоршаған ортаны қорғау жөнiндегi уәкiлеттi органға үш жұмыс күні ішінде хабарлауға міндетті. Аталған хабарлама Департаментке түспеуіне байланысты, "АМӨЗ" ЖШС-гі ӘҚБтК-нің 325-бабына сәйкес әкімшілік іс қозғалды.
ҚР ЭК 118-бабына сәйкес Мемлекеттiк экологиялық бақылауды жүзеге асыратын лауазымды тұлғалар экологиялық заңнама талаптары бұзылған кезде қылмыстық жаза қолданылатын әрекет белгiлерi бар фактiлер бойынша құқық қорғау органдарына хабарлауға міндетті. Осыған орай, тексеріс материалдары жинақталып, Полиция департаментіне жолданыпты.
"Сол себепті, ӘҚБтК-нің 328, 331-баптарымен қарастырылған әкімшілік істер қозғалған жоқ. Полиция департаментінен "АМӨЗ" ЖШС-нің іс-әрекетінде қылмыстық жаза белгілері жоқ деп, материалдар Департаментке қайтарылған жағдайда, Департамент "АМӨЗ" ЖШС-ін әкімшілік жазаға тартатын болады", - деді Атырау облысы бойынша бас мемлекеттік экология инспекторы Сырым Тілегенов.