ҚР денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов аймақтардағы денсаулық сақтау басқармаларының, республикалық денсаулық сақтау ұйымдарының, медициналық жоғары оқу орындарының және сарапшылардың қатысуымен кеңес өткізді.
Денсаулық сақтау министрлігінің бастамасымен 2018 жылы Қазақстан бойынша өлі туған нәрестелерге сараптама жүргізілді. Оның қорытындысы туралы тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрағасы Людмила Бюрабекова баяндады.
Оның айтуынша, сараптамада өткен жылы өлі туған балалардың 81,1% қамтылған.
"Маңғыстау облысы ақпарат бермеді, Алматы, Қостанай, Ақмола, Қарағанды, Ақтөбе облыстары жартылай мәлімет ұсынды. Сараптама нәтижесінде ерте неонаталдық өлім-жітім бойынша деректердің есепке алынбағаны анықталды",– дейді ол.
Осыған байланысты Елжан Біртанов сәби өліміне қатысты нақты статистика жасау үшін бұл жұмысты әлі де бірнеше жыл жалғастыру қажеттігін айтты. Сонымен қатар, ол бір ай мерзімде патологоанатомиялық қызметті жетілдірудің Жол картасын әзірлеуді тапсырды.
Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева денсаулық сақтау басқармаларының басшыларына медициналық ұйымдардың статистиканы бұрмалап, жалпы ана мен бала өлімін жасыруды тоқтатуын және мемлекеттік статистикалық есепті бұрмалағандар жауапкершілікке тартылатынын айтты.