Тасқын тәлкегі
Аустралияның оңтүстік-шығысында тасқыннан кейінгі тазалау жұмыстары басталды. Мұнда кейінгі күндері жаңбыр төпелеп, өзендер арнасынан асып, талай ауыл мен қаланы топан су басты. Соңғы мәліметке қарағанда, табиғи апаттан кемінде адам қаза тауып, 10 мыңнан астам мүлік зақымданған. Талай үй бұзылды.
Тасқыннан ең көп зардап шеккен аймақ – Жаңа Оңтүстік Уэлс штаты. Бұл аймақта қыруар малды су алып кетті. Сонымен қатар, 50 мыңдай адам өзге әлемнен оқшауланып қалған. Қазір экономикаға келген шығын көлемі есептеліп жатыр.
Шахтерлар жер астында қалды
Оңтүстік Африка Республикасында алтын шахтасының астында қалып қойған 260 кеншінің үштен бірі жер бетіне шығарылды. Кейінгі мәліметке қарағанда, ешкім жараланбаған.
Ел астанасы Йохеннесбургтен батысқа қарай 60 шақырым жерде орналасқан кен орнында бейсенбі күні көтеру жүйесі істен шыққан. Соған байланысты жүздеген жұмысшы жер астында қамалып қалды.
Оларды құтқару операциясының бірінші кезеңінде 79 адам көтерілген. Қазір 181 кеншіні шығаруға күш салынып жатыр. Жергілікті билік өкілдерінің сөзінше, 24 сағат бойы ас-сусыз отырған адамдарға тамақ жеткізілді.
Оңтүстік Африкада шақта апаттары үйреншікті жағдайға айналып барады. Себебі қараусыз қалған кеніштерді әдетте заңсыз алтын қазушылар иеленеді екен.
Судағы салғырттық
Грекияның теңіз соты жағалау күзетінің 17 офицеріне айып тақты. Енді олар түрлі қылмыстар үшін жауап беруі керек. Солардың қатарында көлікке кедергі жасау және кеме апатына себеп болу тәрізді баптар бар.
2023 жылы маусымның 14-де гректің Пилос қаласының оңтүстік-батысындағы халықаралық суларда тым көп мигрант мінген қайық аударылып, суға батып кетті.
Сол апат кезінде Ливиядан Италияға бара жатқан су көлігінің бортындағы 750 адам болған. Олардың 104 ғана тірі қалыпты. Ал гректің теңіз сақшылары бұл қайықты апатқа дейін 15 сағат бойы бақылаған. Дегенмен, офицерлер істі тергеу барысында өз жұмыстарында қандайда бір заңсыздыққа жол бергендерін мойындамай отыр.
Айтуларынша, жағалау күзетінің қызметкерлері адам құқықтарын құметтейді және олар 2015 жылдан бері теңізде қауіпке душар болған 250 мыңнан астам мигрантты құрдымға кетуден құтқарып қалған екен.
Вокзалдағы шабуыл
Германияның Гамбург қаласының теміржол вокзалында пышақпен жасалған шабуылдан 18 адам жараланды. Олардың кейбірінің өміріне қауіп төніп тұр. Оқиға жұма күні кешкісін болды.
Гамбург полициясының мәлімдеуінше, шабуылдан кейін басталған операция барысында 39 жастағы әйел тұтқындалды. Ол дереу қамауға алынды, бүгін сот алдында жауап бере бастайды.
Тәртіп сақшыларының сөзінше, күдікті адамдарды жалғыз пышақтаған және оның әрекетінде "саяси астар" жоқ.
Оқиғадан кейін канцлер Фридрих Мерц мәлімдеме жасап, шабуылдан жаны түршіккенін айтып, төтенше жағдай қызметкерлеріне жылдам көмекке жеткені үшін алғыс білдірді.
Үйленуге үлгермеді
Израильдің Вашингтондағы елшілігінің екі қызметкерін атып өлтірген ер адам мәлімдеме жасады. Ол Еврей мұражайының жанында Сара Милгрим мен Ярон Лищинскийдің жанын Палестина мен Газа үшін қиған.
Мұны АҚШ-тың федералдық үкіметі бейсенбі күні жариялай отырып, шабуылшыға "теракт жасады" деген айып тағылғанын хабарлады.
Ұсталған азаматтың аты-жөні Элияс Родригес. 31 жастағы Родригес тұтқындалып бара жатып, "Азат Палестина!" деп ұрандатқан.
Мерт болған әйел – америкалық, ал оның досы – израильдік болған. "Ассоушиэйтед пресс" агенттігінің дерегінше, екі жас некелесуге әзірленіп жүргенде өлтіріліп отыр.
ФБР-дің мәлімдеуінше, бұл қастандық алдын ала жоспарланған. Тергеу барысында Родригестің қаруды багажға тіркеп, Чикагодан Вашингтонға ұшып барғаны белгілі болды. Ол мұражайдан шығып бара жатқан Милгрим мен Лищинскийге жақындап оқ жаудырған. Сосын қаруын қайта оқтап кете барыпты.
Сұмдық қантөгіс израильдік миссияларды қауіпсіздік шараларын күшейтуге және туды төмендетуге итермеледі. Тағы бір айта кететін жайт, елшілік өкілдері Израиль Газа секторында жаңа операцияға кіріскенде және осыған байланысты Таяу Шығыс пен әлемде шиеленіс күшейіп, АҚШ-та зорлық-зомбылықтарға жол ашылатыны талай рет ескертілгенде өлтіріліп отыр.