Жалпы, Қызылорда облысы аумағында орналасқан Бәбіш мола қаласы кәсіби маманданған көзешілер елді мекені саналады, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
2004 жылы "Мәдени мұра" бағдарламасы негізінде құрылған Шірік рабат археологиялық экспедиясы Сырдария арнасының төменгі ағысында археологиялық зерттеу жұмыстарын бастады. Бұл жұмыстар әлі күнге дейін жалғасып келеді.
Ғылыми қызығушылығы осы қыш ыдыстарын техника-технологиялық талдаумен байланысты археолог Жанаргүл Қалиева Бәбіш мола 7 көзешілер елді мекенінде болып, қазба жұмыстарына қатысқан. Ол эксперименттік жобаның басты мақсатына тоқтала кетті.
- 2022-2023 жылғы қазба жұмыстарының барысында біз эксперименттік жобаны іске асырдық. Бұл жобаның басты мақсаты – Бәбіш мола 7 көзешілер елді мекенінде табылған қыш ыдыстардың жасалу технологиясын анықтау. Жергілікті аймақтан саз және оған қосылған қоспаларды анықтап, ыдыс жасауда шарықты қолданып және жапсырма әдісімен барлығы 25 қыш құмыра жасалды. Оларды күйдіруге екі түрлі пеш қолдандық. Бірінші пеш 1х1 метр, тереңдігі 25 сантиметр шұңқыр ошақ пеш жасалды. Отын ретінде сиырдың тезегін қолдандық.
Екінші пешті Бәбіш мола 7 көзешілер елді мекенінен қазба жұмыстарының барысында табылған пештердің негізіне сүйене отырып жасадық. Пеш арнайы дайындалған күйдірілмеген кірпіштен соғылды. От жағу камерасынан есептегенде пештің биіктігі – 118 сантиметр, ені – 103, от жағу камерасы тереңдігі – 50, ұзындығы – 130 сантиметр. Ішкі бөлігінде ені 10 сантиметр болатын 6 түтін шығатын, ал жоғарғы бөлігінде 15 сантиметр үш түтін шығатын мұржа жасалды. Жүктеу камерасының ені – 30 сантиметр. Қатты от пен жалын беретін отын ретінде деректерге сүйене отырып отынға жантақ өсімдігін қолдандық. Жасалған эксперименттің арқасында біз Шірік рабат мәдениетінің қыш ыдыстарының толық жасалу технологиясын, оның ішінде сазды дайындаудан бастап соңғы күйдіріп дайын өнім шығуына дейінгі процесті жүзеге асырдық, - дейді ол.
Қазба барысында алынған қыш ыдыстарды пайдалану мақсаттарына қарай археологтар түрлі топтарға бөліп қарастырады. Мысалы, шаруашылық ыдыстар (құм, құмша, құты), асханалық ыдыстар (құмыра, тостаған, шұңғыл тостаған, тегене, кесе), ас үйлік (көзе, таба, табақ).
Ә.Марғұлан атындағы Археология институты "Ерте темір дәуірі археологиясы" бөлімінің ғылыми қызметкері Мақпал Сүйіндікова Бәбіш мола 7 көзешілер елді мекенінен анықталған күрделі құрылысы бар қыш күйдіретін пештер мен шеберханалардың анықталуын ғылымдағы үлкен жаңалық деп санайды. Сондай-ақ, сол төңіректі алуан түрлі қыш ыдыстармен қамтамасыз еткен үлкен өндіріс орталығы болғандығының дәлелі екенін айтады.
- 2015 жылы археолог Жанболат Райымқұлұлының "Арал өңірінің антикалық кезеңдегі отырықшы-егіншілік мәдениетінің қалыптасуы мен дамуы" атты жобасы негізінде Бәбіш мола 7 көзешілер елді мекенінде бастау алған қазба-зерттеу шаралары бүгінгі күнге дейін кешенді жүргізілуде. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 11 қыш күйдіретін пеш пен бірнеше тұрғын үйлер мен шеберхана орны анықталды. Бүгінгі таңда аталмыш пештердің алтауына зерттеу жұмысы жүргізілді. Пештердің ұзындығы 2 метрден 3,5 метрге дейін, ені 2,1 метрден 2,7 метрге жетеді. Биіктігі 80 сантиметрден 1 метр аралығында. Қабырғалары жұмбаздалған саздан тұрғызылған. Пештер екі ярусты, төменінде от жағатын оттық болса, жоғарғы бөлігінде ыстық ауа өтетін ойықтар салынып, қыш ыдыстар күйдірілген. Пештердің от жағатын ауызы дөңгелек және сопақша пішінде жасалып, олар оңтүстік бөлікке қаратылған.
Бәбіш мола 7 көзешілер елді мекенінен жиналған керамикалық материалдарды зерттеу барысы олардың шарық және жапсырма әдісімен дайындалғандығын, соның ішінде шарық көмегімен жасалған қыш ыдыстардың пайызы басым екендігін көрсетеді. Күйдірілу деңгейі де әртүрлі. Шарық көмегімен жасалған ыдыстар сапалы күйдірілсе, жапсырма әдісімен жасалған ыдыстар керісінше сапасыз күйдірілген, - деді ол.
Осылайша, археологтар сақ дәуіріндегі қыш күйдіретін пештерге эксперимент жасап жатыр. Сол арқылы сапалы қыш құмыраларды күйдіріп шығаруда.