Жамбыл облысында "Асарлатып үй салу" жобасы сәтті жүзеге асырылып келеді. Тағы бір отбасы баспанаға ие болып отыр, деп жазады Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Қоныс тойы Жуалы ауданының Ынтымақ ауылында атап өтілді. Жоба аясында пайдалануға берілген үйдің кілті салтанатты түрде ауыл тұрғыны, жалғызбасты ана Тұрсынкүл Пернебаеваға табыс етілді. 33 жастағы азаматша қазірде екі баласын өзі өсіріп келеді. Әзірге жұмыссыз жүр екен.
Ынтымақ тұрғынына үй салу туралы шешімді жергілікті әкімдік, мәслихат депутаттары мен ауыл ақсақалдары ақылдаса келе шешкен. Бұл шешімді ауыл тұрғындары қолдап, шаруа қожалық жетекшілері, ауылдағы мекеме ұжымдары, Шақпақата және Ынтымақ ауылдарына ауызсу жүйесін жүргізіп жатқан мердігерлер "Ақмешіт-Мелиоратор" және "Байсын-А" ЖШС төрағалары үлес қосып, 1 млн 200 мың теңгеге үй сатып алып, жөндеп берген.
"Асарлатып үй салу" жобасы бойынша барлығы 123 үйдің кілтін табыс ету жоспарланған. Бүгінгі күнге дейін 12 үй пайдалануға берілді. Қалған 111 үй жыл соңына дейін кезең-кезеңімен пайдалануға берілетін болады.