Әшімбаев мұнайдың арқасында ғана "алға басатын" экономиканы сынады

806

Сенаттың жалпы отырысында палата төрағасы Мәулен Әшімбаев үш жылдық бюджетті қарау барысында тек мұнай бағасының қымбат болуына байланған экономиканы сынға алды. Ол геосаяси шиеленіс жалғаса беретінін айта келе Қазақстан оларға дайын болуы және экономикалық өсуді қамтамасыз ету үшін ішкі ресурстарды іздеуі керегін айтты, деп жазады inbusiness.kz тілшісі. 

Әшімбаев мұнайдың арқасында ғана "алға басатын" экономиканы сынады

"Бүгінде экономиканы несиелендіру жалпы ішкі өнімнің 25% деңгейінде қалып отыр. Азды-көпті дамушы елдерде бұл көрсеткіш 60-70% деңгейінде. Мысалы, Сингапурда, Кореяда, бірқатар Еуропа елінде – 150%. Осы жылдар бойы біз экономикамызды несиелендірумен айналыстық. Бұл үшін шамамен 14% жоғары пайыздық мөлшерлеме де жұмыс істейді. Бұл Үкіметтің инфляцияны тежеудің негізгі тетігі екенін түсінеміз. Бірақ сыртқы қатерлер сақталатын болса, онда біз мұндай жоғары пайыздық мөлшерлемемен экономиканы дамыта алмаймыз", – деді Сенат спикері.

Әшімбаев сондай-ақ кейінгі жылдары Қазақстанның жоғары базалық мөлшерлемені сақтап қалғанына назар аударды. Бұл ретте кәсіпкерлік субъектілерінің пайыздық мөлшерлемесін республикалық бюджеттен субсидиялау мәселесі қарастырылып отыр.

"Бір жағынан, банктер экономикаға несие бермейді немесе жоғары пайызбен несие береді. Екінші жағынан, біз халықтың мемлекеттік ақшасы арқылы шағын және орта бизнестің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялаймыз. Бір ғана "Даму" қоры арқылы биыл 170 миллиард теңге бөліп отырмыз. Осылайша, біз жоғары пайыздық мөлшерлемені сақтаймыз, ал бюджеттен шығыстар осы пайыздық мөлшерлемені төмендетуге кетеді. Біз қандай да бір "тұйық шеңберге" тап болдық", – деп айтты Мәулен Әшімбаев.

Сенат төрағасы "мұндай жағдай мемлекеттік органдар мен банктерге де қолайлы, себебі тәуекел аз – жауапкершілік аз" деп санайды.

"Біз шикізат компанияларының, мұнай мен металл бағасының жоғары болуы есебінен экономиканың қандай да бір деңгейін қамтамасыз етіп отырмыз. Экономиканы кредиттеу бойынша пайым қалыптастыратын және көрсеткішті Батыс пен Азия елдеріне жеткізетін кез келді емес пе?", – деді ол.

Әшімбаев бұл мәселені Үкіметтің алдағы маусым айындағы есебінде қосымша қарастыруды ұсынды.

Палата отырысында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров "сыртқы экономикалық жағдайды, мұнай нарығындағы үрдістерді ескере отырып, сондай-ақ әлемдік экономиканың дамуы бойынша болжамдар негізінде" 2022 жылға арналған макроэкономикалық және бюджеттік көрсеткіштердің нақтыланған болжамын ұсынды.

Оның айтуынша, жыл басынан бері ел экономикасы өсімінің оң серпіні байқалады: қаңтар – ақпан айларының қорытындысы бойынша ЖІӨ өсу қарқыны 3,5%-ды құрады. Жыл басынан бері мұнайдың орташа бағасы барреліне $98 құрады, ал 2022 жылға арналған МҚҰ болжамдары мұнай бағасы бойынша барреліне $74-тен $105-ке дейін өзгеріп отырады. Осыған байланысты мұнайдың орташа жылдық бағасы барреліне $90 деңгейінде анықталды, ал ел экономикасының өсу болжамы 3,9%-дан 2,1%-ға дейін төмендеді. Бұл ретте номиналды ЖІӨ 91,5 трлн теңгеге бағаланады, бұл мақұлданған болжамнан 4,5 трлн теңгеге жоғары.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу