Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев болашақта жер телімін рәсімдеу жеңілдейтінін айтты.
"Күн тәртібінен түспей келе жатқан мәселенің бірі – жер қатынастарын цифрландыру. Тиісті мемлекеттік органдарға көптеген сыни хаттар түсіп жатады. Бұл мәслені біз цифрландыру арқылы шешуге болатынын көріп отырмыз. Жүйені цифрландыру үшін Оңтүстік Кореяның тәжірибесін зерделеп көрдік. Сингапур сияқты өзге де елдерге барып қайттық. Сол кезде мемлекеттік орандардың деректерін, ақпараттық жүйелерді біріктіру арқылы жылжымайтын мүліктердің бірыңғай кадастрлық орталығын құруға болатынын көрдік. Осының арқасында салада автоматтандырылған қызмет түрлерін көрсетуге болар еді. Бұл қызметтерді алуға кететін уақыт ондаған есе қысқарады. Бұл жүйені енгізгеннен кейін қазіргі сындардың бәрі өзектілігін жояды. Бұл қалай іске асады? Жер кадастры мен жылжымайтын мүліктің электронды тіркелімі қазіргі таңда екі бөлек жүйе. Сондай-ақ, жергілікті әкімдіктердің гео-порталдарын да бірыңғай орталыққа қосу керек болады. Бүгінде осы жобаның "алғашқы қарлығаштары" Атырау, Ақтөбе облыстарында іске асып жатыр. Солардың базасында азаматтарға арналған ілкімді жоба жасаймыз. Осының арқасында қарапайым тұрғындарға жер алу, архитектуралық құжаттарды рәсімдеу бойынша әлдеқайда оңтайлы әрі жедел қызмет беруге тырысамыз", – деді Асқар Жұмағалиев.
Есжан Ботақара