Ассамблея депутаттары Томириске монумент қоюды ұсынды

1071

Премьер-министрдің атына Қызылорда облысында Томириске арнап монумент орнату туралы депуптаттық сауал жолданды.

Ассамблея депутаттары Томириске монумент қоюды ұсынды

Мәжіліс отырысында Сауытбек Әбдірахманов Ассамблея депутаттарының атынан Үкімет басшысы Асқар Маминге депутаттық сауал жолдады.

"2020 жылы Томирис пен Кирдің шайқасына 2550 жыл толғалы тұр. Ұлы қолбасшы Кирді жер қаптырған шайқастың өткен өңірін шамамен болса да анықтауды мақсат ететін тиісті ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу жөнінде нақты тапсырма беруіңізді сұраймыз. Маман тарихшыларымыз бір тоқтамға келген жағдайда ол маңайдағы магистралдық жолдың бойында осы жерді мекендеген батыр балалардың ғажайып ерлігіне арналған монумент қою мәселесін  бюджет қаражатының араласуынсыз-ақ шешуге болады деп ойлаймыз", – деген депутат келесі жылы аталмыш тарихи оқиғаға 530 жыл толатынын да еске салды. 

"Біздің дәуірімізге дейінгі 530 жылы өткен бұл шайқастың жай-жапсарын тарих атасы атанған Геродоттың өзі  жазып қалдырған. Бұл сәт ұлы суретші Рубенстің "Патшайым Томирис Кирдің кесілген басының алдында" атты белгілі картинасында бейнеленген. Біз бұл шайқасты әлем тархиын өзгерткен оқиғалар қатарына қоса аламыз. Елдің азаттығы жолындағы осы ұлы ерлік төл тарихымызда тиянақты таңбаланып, мектеп оқулықтарына кеңінен енгізілуге, маман зерттеушілердің еңбектері арқылы әлем тілдерінде насихатталуға тиіс. Ұлы даламызда осы орасан оқиғаға арналған монумет тұрғызылса да ешқандай артығы жоқ. Сонда ол шайқас қай маңайда болған деп шамалай аламыз. Белді тарихшылардың көбі шайқасты Сырдария бойында өткен дегенге бейім", – деген Сауытбек Әбдірахманов бұл сөзіне Шишов, Соколов, Рыжов, Әнес Сарай, Гафуров, Страбон сияқты зерттеушілердің жазбараларынан дәйектер келтірді.

Есімжан Нақтыбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу