Танымал кинорежиссер өзінің Facebook парақшасында тарихи фильмді шетелде көрсету үшін америкалық компаниямен келісімге келгендігін хабарлады.
"Томирис" фильмімізді дүние жүзіне сату мақсатында, американдық “ArcLight Films” компаниясымен келісімге келдік", - деп жазды Ақан Сатаев әлеуметтік желі бетінде.
Еске сала кетсек, "Томирис" тарихи кинокартинасы біздің заманымызға дейінгі VI ғасырдағы жаугершілік заманы жайлы сыр шертеді. Фильмде аты аңызға айналған сақ билеушісі – әйел патша Томиристің өмірі баяндалады. Ұлы далаға басқыншылық жорықпен келген парсы патшасы ІІ Кирге сақ тайпалары ойсырата тойтарыс береді.
"Томирис" тарихи жобасы 2017 жылдың сәуір айында басталып, 2019 жылы 27 қыркүйекте көрсетілімге шықты. Фильмді Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен Шәкен Айманов атындағы "Қазақфильм" АҚ "Сатайфильм" кинокомпаниясы түсірді. Бас продюсері – Әлия Назарбаева. Фильмнің қоюшы режиссері – Ақан Сатаев.
Нұржан Көшкін