Жақында, 25 қыркүйек күні Нұр-Сұлтанда киносүйер қауым 2,5 жыл күткен "Томирис" фильмінің алғашқы көрсетілімі өтті. Туынды тілі орысша, қазір кинотеатрларда да қазақша нұсқасы жоқ. Көрермен тарапынан осыған байланысты қойылған сұрақтарға жобаның бас режиссері жауап берді.
"Көрермендер мен жуналистердің қойылған басты сұрақтары – фильмнің қазаша дыбысталған нұсқасы бар ма? Сөзсіз, толығымен қазақ тілінде дыбысталған нұсқасы бар. Қазақ елі болғандықтан да, алдымен қазақша нұсқасын дыбыстаған едік! Еліміздің латын әліпбиіне көшуі ұлт үшін жасалған маңызды қадам. Фильмнің соңында жазылатын титрлер (түсіру тобы мен актерлық топтың аты-жөндері жазылатын бөлім) латын әліпбиіне аударылу барысында көптеген грамматикалық қателердің анықталуы және топ мүшелері мен актерлардың аты-жөндері құжаттарға сәйкес келмеуіне байланысты кешіктіріліп жатыр. Құқықтық тұрғыдан біз мұндай қателермен көрсетілімге жібере алмаймыз. Шұғыл түрде аталмыш мәселені шешу үстіндеміз",– деп жазды Ақан Сатаев Инстаграм парақшасында.
Қазақша нұсқасының уақытылы дайын болмағаны үшін кешірім сұраған ол екі-үш күнде бұл мәселе шешімін табатынын, еліміздің барлық кинотеатрларында қазақша көрсетілетінін жеткізді.