Астана әкімі жаңа автобус бағдарларын іске қосу және аялдама кешендерін ашу бойынша жедел шаралар қабылдауды тапсырды

1131

Астана әкімі жаңа автобус бағдарларын іске қосу және аялдама кешендерін ашу бойынша жедел шаралар қабылдауды тапсырды

Әсет Исекешев жаңа автобус бағдарларын іске қосу және аялдама кешендерін ашу бойынша жедел шаралар қабылдауды тапсырды. Оның айтуынша, елордада салынған жолдарды (800 шақырымнан артық) ескерсек, 250-ге жуық аялдама орнату керек, оларды жобалау кезінде Астананың климаттық жағдайларын ескеру қажет. Сонымен қатар, қала басшысы жаңа аялдамалардың жайлы болуы тиіс екендігін атап өтті. Негізінен, бұл кешендер мемлекеттік-жеке меншік әріптестік есебінен салынатын болады, ал жоба 2017 жылдың бірінші жартысында жүзеге асырылмақ, деп хабарлайды astana.gov.kz.

Айта кетейік, қаладағы жаңа аялдама павильондары мен автобус бағдарлары көше-жол желісінің дамуына қарай пайда болады. 2016 жылдың соңына дейін Астанада 45 жаңа шыны және перфорацияланған аялдама абаттандырылады. Мұнымен қоса, жабық типті жаңа аялдамалар жобалануда. Олар жолаушылар ағыны тығыз жерлерде орнатылмақ. Сондай-ақ, көлемді жабық сауда және техникалық орынжайлардан, ашық алаңнан тұратын автостанциялар жасалады. Автостанция аумағында тез тамақтану пункті, қоғамдық дәретханалар, төлем қабылдау пункті, лайт-бокстар және т.б. болады.

Сонымен қатар, Әсет Исекешев автобус парктерін жаңарту, жолаушылар тасымалы қызметінің сапасын арттыру, автобустардың қозғалыс интервалын азайту және ескі машиналарды қолданыстан шығару мәселелеріне назар аударды. Астана әкімінің атап өтуінше, елорда халқының саны ұдайы өсіп отырады, сәйкесінше қоғамдық көлікке түсетін жүктеме артады. Қазіргі кезде күн сайын 700 аса қоғамдық көлік жолға шығады, олар 875 мың адамға қызмет көрсетеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу