Тиісті ақпаратты Ұлттық қауіпсіздік комитеті таратты. Белгілі болғандай, 2019 жылғы қыркүйекте еліміздің Бас прокуратурасы Түркияның Әділет министрлігіне халықаралық іздеуде жүрген Талғат Арданды ұстап беру туралы сұрау жіберген. Қазір ол қамауда отыр. Арданды елге депортациялау туралы шешім қабылданғаны да айтылды.
2023 жылы мамыр айында Астана қаласы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Astana LRT ісі бойынша Талғат Ардан мен Қанат Сұлтанбековке сырттай үкім шығарды. Олар 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.
Бұдан бөлек сол жылы LRT ісі бойынша келесі азаматтарға да үкім шықты: Рашид Аманжолов, Жанат Нұрпейісов, Талғат Әшім, Ұлықбек Ачилов, Дәурен Әбдіхамитов, Тимур Қасабаев, Дулат Мүсенов.
Олар бюджет қаражатын аса ірі мөлшерде талан-таражға салуға жәрдемдескені үшін (ҚК 28-бабының 5-бөлігі, 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы) мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан айырыла отырып, 7 жылға бас бостандығынан айыруға сотталды. Т.Әшім, Т.Қасабаев, Д.Мусеновке қатысты шартты соттау жазасы қолданылды.
2021 жылы Astana LRT компаниясының бұрынғы басшысы Талғат Арданды қамауға алуға сырттай ордер берілді. Бұдан бөлек Антикор Astana LRT экс-басшысының көмекшісі – елорда әкімінің бұрынғы орынбасары Қанат Сұлтанбековтың АҚШ-та екені, оны экстрадициялау үшін материалдар жіберілгенін хабарлады.
2024 жылғы қараша айында Astana LRT бұрынғы басшысы Талғат Арданға қатысты жаңа сот үкімі шығып, 9 жылға бас бостандығынан айырылды.
Астана прокуратурасы "City Transportation Systems" ЖШС-нің (бұрынғы Astana LRT компаниясының) пайдасына қатысты сот актілерінің орындалуына талдау жүргізді.
"Қайтарылған активтердің жалпы құны 920 млн теңгені құрады. Мемлекеттің пайдасына құны 615 млн теңге тұратын тағы 37 мүлік нысаны өндірілуде", – делінген прокуратура таратқан хабарламада.