ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Нұр-Сұлтан қалалық департаменті "Астана су арнасы" РМК бұрынғы бас директоры В.Досаевқа қатысты сотқа дейінгі тергеу шараларын мерзімінен бұрын аяқтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Жемқорлыққа қарсы қызмет таратқан мәліметтерге қарағанда, Досаев мемлекеттік коммуналдық кәсіпорынның бас директоры болып жұмыс істеп жүрген кезінде қарамағандағы қызметкер арқылы "Технополисжилстрой" ЖШС-нің басшысынан "Жас отбасы-2" тұрғын үй кешенінен 3 бөлмелі пәтер және 60 мың доллар көлеміндегі параны жылжымайтын мүлікті ЖШС-ге беру қосымша келісімшартын жасағаны үшін алған.
"Биылғы жылдың 14 тамызында Нұр-Сұлтан қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен Досаев 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын қауіпсіздігі төмен түзеу мекемесінде өтейді. Сотталушы өмір бойы мемлекеттік қызметте лауазымды қызмет атқару құқығынан айырылды", – деп атап өтеді ведомстводан.