Астанада дәрі-дәрмек алуға берілетін әлеуметтік көмек тоқтатылды

510

Мұндай көмек түрін қала бойынша 3 мың адам қолданып келді.  

Астанада дәрі-дәрмек алуға берілетін әлеуметтік көмек тоқтатылды Фото: Inbusiness.kz

Дәрі-дәрмекке төленетін 20 АЕК көлеміндегі қаражат енді берілмейтін болды, деп жазады inbusiness.kz тілшісі Астана қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Илья Скуб.

Әлеуметтік көмек аясын кеңейту үшін былтыр төлем құнын арттыруды көздейтін қосымша 13 шара қолға алынды. Газ қосу үшін төленетін өтемақының құны өсті: бұрын 90 АЕК немесе 286 мың болса, қазір бұл көрсеткіш 130 АЕК не 440 мың теңгеге дейін. Апаттан не бір өрттен зардап шеккендерге (ҚР аумағындағы жалғыз баспанасы бүлінсе, ішіндегі жиһаз-жабдықтар зақымдалса - ред.) төленетін өтемақы да артты — бір отбасыға 206 мың теңгеден 1 млн 380 мың теңгеге дейін (бір реттік). Сонымен қатар жазатайым қаза тапқандар отбасыларына берілетін бір реттік қаржылай көмек 15 АЕК-тен 150 АЕК-ке немесе 517 мыңға дейін өсті (адам басына).

Одан бөлек Атаулы әлеуметтік көмек ұлғайды. Бұрын орта есеппен 90 мың теңге қаржылай көмек көрсетілсе, қазір оның құны 140 мыңға жетті (әлеуметтік көмектің орта шамасы). АӘК алушылар санаты кеңейді — жетім балаларға газ қосуға, қатты отын алуға қаражат бөлінді, саяси қуғын-сүргінге ұшыраған жандарға қоғамдық көлікте тегін жүруге мүмкіндік жасалды.

Қатты отын алуға бөлінетін ақша көлемі 8 АЕК-тен 16 АЕК-ке, яғни 50 880 теңгеге дейін өсті. Дәл осы санатқа енді көпбалалы отбасылар да кіретін болды.

Бірінші рет Семей ядролық полигонынан зардап шеккендерге 30-шы тамыз күніне орай 2,5 АЕК көлемінде бір реттік әлеуметтік көмек көрсетілді. Ал бас бостандығынан айыру орындарынан шыққандарға 15 АЕК не 51 мың теңге шамасында бір реттік төлем жасалды.

Жалпы 2023 жылы әлеуметтік көмек құны өсті. Коммуналдық төлемдерге берілетін қаражат көлемі артты — 2,4 АЕК-тен 4,5 АЕК-ке дейін (өзге мемлекеттер аумағындағы соғыс ардагерлеріне, жеңілдіктер бойынша ҰОС ардагерлеріне теңестірілген қарияларға, саяси қуғын-сүргіннен зардап шеккендерге).

9-мамыр күніне орай берілетін қаржылай көмек көлемі 231 мың теңгеден 1 млн теңгеге дейін артатын болды. Өзге мемлекеттер аумағындағы соғыс ардагерлеріне, жеңілдіктер бойынша ҰОС ардагерлеріне теңестірілген қариялар 155 255 теңгеден алатын болады. Ал еңбек ардагерлері 51 750 теңгеден бөлінетін болады. 16 желтоқсанға орай саяси қуғын-сүргіннен зардап шеккендерге өтемақы 2,5 АЕК-тен 60 АЕК-ке (207 мың теңге) дейін өсті.

Дегенмен кейбір әлеуметтік көмек түрлері жойылды, мысалы, дәрі-дәрмекке төленетін 20 АЕК көлеміндегі қаражат енді берілмейтін болды.

"Мұндай көмек түрін қала бойынша 3 мың адам қолданды, жалпы бөлінетін қаражат көлемі 60 млн теңге болатын. Енді біз осы санаттағы адамдар санын ұлғайтып, 30 мыңға жеткізбексіз және жалпы шығын көлемі 1 млрд теңгені құрайтын болады", — деп түсіндірді спикер.

Жалпы Астана қаласы бойынша әлеуметтік көмек алатын тұрғындардың саны - 185 мың адам. Оның ішінде 121 мың зейнеткер, 33 мың адам мүмкіндігі шектеулі жандар, 27 мыңнан астам көпбалалы отбасы және 13 мың әлеуметтік осал топқа жататын отбасылар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу