Елордалық "Қазгидромет орталығы" мамандарының хабарлауынша, 8-9 желтоқсан күндері Астанада және Ақмола облысының аумағында оңтүстік-батыстан соққан желдің екпіні секундына15-20 метрге, кей жерлерде 25 м/с дейін күшейеді, деп жазады astana.gov.kz.
Осы орайда шұғыл әрекет ету қызметтері ескерту таратты. Жолдың нашар көрінуіне байланысты Астана - Көкшетау тас жолы жабылды.
8 желтоқсан күні Астанада көшпелі бұлт шығады, оқтын-оқтын қар жауады, боран соғады. Оңтүстік-батыстан 9-14 м/с жылдамдықпен жел соғады, таңертең және күндіз желдің екпіні 15-20 м/с дейін жетуі мүмкін. Ауа температурасы түнде 12-14°С суық, күндіз 5-7°С.
9 желтоқсанда елордада күн бұлтты, оқтын-оқтын қар жауады, боран соғады. Оңтүстік-батыстан соққан жел солтүстік-шығысқа ауысады, 15-20 м/с. Ауа температурасы түнде -13…-15°С, күндіз -8…-10°С.
10 желтоқсанда көшпелі бұлт шығады, оқтын-оқтын қар жауады, боран тұрады. Оңтүстік-батыстан 9-14 м/с, кейде 15-20 м/с жылдамдықпен жел соғады. Термометр бағаны түнде -18…-20°С, күндіз -8…-10°С дейін төмендейді.
Астана ТЖД мамандары елорда тұрғындары мен қонақтарына алыс сапарға шықпауға және қауіпсіздік шараларын сақтауға кеңес береді.