Бүгін Астанада Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі және Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ұйымдастыруымен Халықаралық конференция өтеді, деп хабарлайды ҚР СІМ сілтеме жасаған strategy2050.kz.
Конференцияның тақырыбы: "Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл: Нәтижелер. Жетістіктер. Келешек көкжиегі".
Конференция жұмысына қазақтандық және Ресейдің, Түркияның, Финляндияның басқа да бірқатар елдердің Парламент депутаттары, мүдделі министрлік өкілдері, отандық және шетелдік ғалымдар мен сарапшылар қатысады.
Маңызды жиында Парламент Мәжілісінің Төрағасы Н. Нығматулин сөз сөйлейді деп күтілуде. Конференция үш сессияны қамтиды. Шарада Қазақстандағы экономикалық және саяси реформалардың негізгі нәтижелерін, мемлекеттің әлемдік саясаттағы орнын, сондай-ақ, әлеуметтік және экономикалық салалардағы, ішкі және сыртқы саясаттағы ел дамуына әсер ете алатын ауқымды сұрақтарды талқылау көзделген.
Конференция барысында Қауіпсіздік пен даму мәселелерін зерттеу институты (ISDP, Стокгольм) мен Джонс Хопкинс Университетінің Орталық Азия және Кавказ жөніндегі Институтының (CACI, Вашингтон) аға сарапшыларының "Қазақстан 2041: Келесі 25 жылға арналған сценарийлер" (Kazakhstan 2041: Scenarios for the Next 25 Years) тақырыбындағы бірлескен баяндамасын ұсынулары жоспарланған.