Астанада көлік кептелісінен Үкімет отырысы кеш басталды

1049

Астанада көлік кептелісінен Үкімет отырысы кеш басталды

Министрлер кабинетінің бүгінгі отырысы кеш басталды. Себебі Үкімет мүшелері де жұмысқа кешігіп келді. Осыған байланысты Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев Астана қаласының әкімі Әсет Исекешевтен қаладағы жағдай бойынша есеп беруді талап етті, деп xабарлайды "ҚазАқпарат" ХАА.

"Жұмысымызды бастамас бұрын Әсет Өрентайұлына бір сұрақ, бүгін жұрттың бәрі түніменен жауған қарға байланысты жұмысқа кешігіп келіп жатыр. Біздің де отырысымыз кешігіп өтуде. Қаланың бәрі тұрып қалды. Ешбір дайындық жоқ сияқты. Жағдай не болып жатыр?", – деп сұрады Б.Сағынтаев.

Астана қаласы әкімінің айтуынша, дайындық жасалды. Бірақ ауа-райының күрт өзгеруі қиындық туғызып отыр. "Түнгі сағат 02:00-ден бастап жұмыс істеп жатырмыз. Жалпы, жолдар таза. Бірақ қардың көп жауғанына байланысты шынымен де үлкен кептелістер пайда болды. Меніңше, жақын арада бәрі реттеледі", – деді Ә.Исекешев.

"Әсет Өрентайұлы, бұл – сіздің әкім қызметіндегі алғашқы қысыңыз, алғашқы сынағыңыз деуге болады.  Одан сүрінбеу өтуіңізге тілектеспіз", – деп түйіндеді.

Үкімет отырыстары әдеттегідей сейсенбі күндері өтеді. Осы аптада Министрлер кабинетінің жұмыс кестесіне өзгеріс енгізіліп, отырысты дүйсенбі күні өткізу ұйғарылды. Алайда ауа-райы да өз өзгерістерін енгізбей қоймады. Елордада толассыз жауған қардың салдарынан ұзын-сонар кептелістер пайда болды. Астаналықтардың көбісі бүгін жұмысқа кешігіп барды. Үкімет мүшелері де жұмысқа кешікті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу