ЭКСПО-2017 көрмесінің мәдени бағдарламасы шеңберінде ашық аспан астындағы спектакльдер қойылады. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мәлімдеді.
"15-16 маусымда Бейбітшілік және келісім сарайының алдында елорда тұрғындары мен қонақтары үшін Дж. Вердидің "Аида" операсының қойылымы өтеді. Астананың көрнекті нышандарының бірі - Пирамида ғимараты шоу элементтерімен және арнайы отшашумен өтетін орасан зор қойылымның табиғи декорациясына айналады. Көрермендер мерекелік атмосфераны Пирамидаға жақындаған сәттен-ақ сезінетін болады. Салмақты сәулет құрылымының етегінде ақ боз ат мінген шабармандар да, алып бейнеинсталляция да үйлесімді көрініс табады",- деді министр журналистерге.
25 маусымда министрлік тағы бір ауқымды, өте танымал және күрделі жобаның бірі -Людвиг Минкустың "Дон Кихот" балетін ұсынады. Спектакльдің қоюшы хореографы - Ресейдің Халық артисі, "Астана Опера" балетінің көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратова. Қоюшы дирижері - Арман Оразғалиев, қоюшы суретшісі - ЭциоФриджерио (Италия), костюмдер бойынша суретші - Франка Скуарчапино (Итаплия).
"Қазақтың музыкалық мұрасын насихаттау мақсатында 14 шілдеде Е. Брусиловскийдің "Қыз Жібек" операсы қойылады, бұл жоба да айрықша ауқымды болады, ол да Бейбітшілік және Келісім сарайының алдында көрсетіледі",-деді министр.