Бүгінде "Астана Су Арнасы" сорғы-сүзу стансаларының жоғары қысыммен жеткізуге шамасы жетпей жатыр.
Айгүл Ашекова халық тығыз орналасқан "Алтын шар" тұрғын үй кешенінде тұрады. Айтуынша, судың қысымы жаз айларынан бері нашарлаған. Әсіресе, таңғы және кешкі уақыттарда сыздықтап қалады,- дейді. Оның себебін білу үшін Мүлік иелері бірлестігіне барған. Алайда, мәселе тұрғын үйдегі автономды су стансасында болмай шықты.
"Біздің үйдің тұрғындары үнемі судың аздығына шағым айтады. Бұл үйде қаншама халық тұрады. Бала шаға өсіп жатыр. Аз суымыздың өзін, одан сайыні азайтатын көрінеді. Бұл сонда не болды. Осы біз сияқты қарапайым халықтың жазығы жоқ шығар. Үйлерді соғып тастап алып, енді сусыз отырғанымыз не деп айтуға болады", дейді Қала тұрғыны Айгүл Ашекова.
Бүгінде Астана Су арнасының өндірістік қуаты тәулігіне 305 мың текше метр. Ал, қалаға күнделікті 350 мың текше метр су қажет. Әйтсе де мекеме өндірістік қуатынан артық су жіберіп жатыр, қазір. Мұндағы мамандар қалаға күнделікті 310 мың текше метр су айдалады,- дейді. Бұл көрсеткіш демалыс күндері 330 мыңға дейін жетеді. Сонда да кей ауданға судың қысымы жетпейді.
"Былтыр барлық сұранысты жауып отырдық. Қала өсіп жатыр, үйлер салынып жатыр. Млн 3 жүз мыңдай халық ресми мәлімет бойынша сондықтан қазір судың тапшылығы бар. Су болады , тек қысымды ғана шамалы азайтамыз. Станса 24 сағат жұмыс істейді", дейді "Астана Су Арнасы" МКК сорғы-сүзу стансасының басшысы Талғат Бекмағамбетов.
Енді ауыз судың қысымы кестеде көрсетілген уақытпен беріледі. Мамандар бұл шаралар жаңа сорғы-сүзу стансасының құрылысы аяқталғанға дейін жалғасады,- дейді. Қуаттылығы тәулігіне 105 мың текше метр стансаның құрылысы 2021 жылдың күзінде басталған. Шектеу шаралары осы жылдың жаз айларына дейін жалғаспақ.