Ауыл шаруашылығы министрлігі астық пен ұн экспортына салынған тыйымды алып тастап, тек шектеу енгізеді. Сыртқа тасымалдау ай сайынғы белгілеген квота шеңберінде ғана жүзеге асырылады. Оның көлемі алдағы уақытта министрліктің ресми сайтына жарияланады, деп хабарлайды Atameken Business.
Статистика комитетінің мәліметінше, 1 наурызындағы ақпаратқа сәйкес елімізде 9 миллион тоннадан астам астық бар. Ал, Қаржы министрлігі импортталатын тамақ өнімдеріне "жасыл дәліз" ашылғанын хабарлады.
Соған сәйкес, кедендік кедергілер, тексерулер мен шығындарды бақылау алынып тасталады.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бірнеше түрін экспортқа шығаруға тыйым салынғанын хабарлаған. Олар: қарақұмық, бидай ұны, қант және картоп, сәбіз, қызылша, пияз, қырыққабат пен күнбағыс майы.