Аты-жөнге "нұр" жалғанатыны туралы ақпарат рас па

1773

Ақпаратта "Индустрия және цифрлық даму министрлігінің қаулысына" сілтеме жасалған болатын.

Аты-жөнге "нұр" жалғанатыны туралы ақпарат рас па

Осының алдында WhatsApp мессенджері арқылы 1 сәуірден бастап, еліміздегі барлық азаматтардың тегіне "нұр" айқындауышының жалғанатыны туралы жаппай таратылым жасалған болатын.

Жалпы, ұқсас тәжірибе өзге елдерде бар. Мәселен, алысқа бармай-ақ, ХХ ғасырда кеңес өкіметі ғасырлар бойы тек "ұлы"-ны ғана жалғап келген қазақтардың ата-тегін "-ов, -ев, -ин" сияқтыларға күштеп көшірді.

Дегенмен, WhatsApp-тағы хабарламада "әл-" айқындауышын жалғайтын араб елдерінің тәжірибесі негізге алынып, "Ахметовтар – "Нұр-Ахметовқа, ал Иванов – "Нұр-Ивановқа" айналатыны хабарланды. Бұл ретте дереккөз ретінде "Индустрия және цифрлық даму министрлігінің қаулысына" сілтеме жасалған.

Ал бұл ақпаратты ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жоққа шығарды.

Бірден айта кетелік, Қазақстанда "Индустрия және цифрлық даму министрлігі" деген ведомство ешқашан болған емес. Тек биылғы ақпанда жаңадан құрылған "Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі" ғана бар және оның азаматтардың аты-жөндеріне еш қатысы жоқ: ол тек елімізді цифрландырумен, қорғаныс өнеркәсібімен, яғни соғыс қаруларын шығарумен және әскери тендерлермен айналысады.

WhatsApp мессенджеріндегі жаппай таратылымда газет қимасының скриншоты келтірілген. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі оның шынында да газет қиындысы екенін растады.

Министрліктің баспасөз хатшысы Айжан Мусинованың түсіндіруінше, анықталғанындай, бұл жаңалық Щучинск қаласының аудандық басылымы – "Стабильная газетада" 28 наурызда жарияланыпты. Дегенмен, жаңалықтың уатсапптағы скриншотында "источник" деген тұсы қиылып тасталған. Ал "Стабильная газета" аяқ жағында дереккөзі ретінде "Первоапрельский Щучинск" парақшасына сілтеме жасайды.

"Сондай-ақ басылым анонимнің сөзін келтіреді. Егер шынында, осындай қаулы бар болғанда, онда ол бойынша министрліктің нақты аты мен лауазымы бар қызметкері түсініктеме берер еді", – дейді Айжан Мусинова.

Бұдан бөлек, аталған газеттің электронды версиясын ашқанда, басылымның әлгі әзіл жаңалығы басылған бетінің астыңғы жағында ескерту жарияланғаны көрінеді. Онда редакция өз оқырмандарында "нұрға" қатысты "жаңалығы" теріс эмоциялар тудырса, кешірім сұрайтынын" айтады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу