Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ басқарма төрағасы Алик Айдарбаевпен кездесті. Жүздесуде пандемия жағдайындағы өндірісті дамыту мәселелері талқыланды.
"Қазіргі уақытта бірінші кезекте індетке қарсы жасалып жатқан жұмыстар мәселесі өте өзекті. Мұнай-газ саласында тек Атыраудың ғана емес, еліміздің көптеген өңірлерінен келген азаматтар еңбек етіп жүр. Эпидемиологиялық жағдайға қарамастан, өндіріс жұмыстары тоқтаған жоқ. Десек де, вахталық ауысым мәселесіне өзгерістер енгізілді. Карантиндік талаптар жағдайында жұмыс жалғасуда. Өндірісті дамытып, экономикада жоспарлы көрсеткіштерге жетуіміз керек. Біздің мақсатымыз – өндірісті және жұмыс орындарын сақтап қалу", – деп атап өтті аймақ басшысы.
"ҚазМұнайГаз" компаниясының басқарма төрағасы Алик Айдарбаев өз кезегінде пандемия кезінде жұмыс орындарын сақтап қалуға бағытталған шаралардың қабылданып жатқанын айтты. Сонымен қатар, компания тарапынан өңір тұрғындарына қолдау көрсету жалғасатынын атап өтті.
Кездесу барысында ағынды суларды механикалық және биологиялық тазарту қондырғыларын жаңғырту, қосымша тазарту қондырғысының құрылысы мен булану алқаптарын қалпына келтіру бойынша атқарылып жатқан және жоспарлы жұмыстар талқыланды.
Бұдан бөлек, Атырау қаласы бойынша жиналған тұрмыстық қалдықтар мәселесі де бар. Осыған байланысты экологияны қалпына келтіру бағытында жоспарлы жұмыстар атқарылады", – деді Махамбет Досмұхамбетов.
Құралай Қуатова,
Атырау облысы