Атырау облысында дәрігерлер бала өлімінің жиілеуінің себебін түсіндірді

1534

Облыстық перинаталдық орталықтың бас дәрігері Қуаныш Нысанбаев нәрестенің шетінеуіне басты себеп ата-аналардың денсаулығы екенін мәлімдеді.  

Атырау облысында дәрігерлер бала өлімінің жиілеуінің себебін түсіндірді

Атырау облысында перинаталдық орталық басшылары мен педиатрлар бірқатар БАҚ-та аймақтағы бала өлімінің көбейгені туралы ақпаратқа қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтемемен abctv.kz.

Ақпаратта босанған аналар дәрігерлердің біліксіздігінен нәрестелер шетінеді деп облыстық перинаталдық орталықты тез арада тексеруді талап еткен.

Облыстық перинаталдық орталықтың бас дәрігері Қуаныш Нысанбаев нәрестенің шетінеуіне басты себеп ата-аналарының денсаулығы екенін мәлімдеді.

"Бала өлімінің басым бөлігі уақытынан бұрын босанғандарға тиесілі. Бұл жоспарланбаған жүктілік деп те айтуға болады. Жүктілікті жоспарлау керек, кем дегенде 1,5 жыл аралықты сақтау керек. Бұл жерде алдын алу шараларының маңыздылығын да айта кету керек. Біздің орталықта медициналық қызметтердің сапасы бақылауда. Босанған әйелдермен жұмыс жүргізіледі", –  дейді ол.

Уақытынан бұрын босану және бала салмағының аз болуы өлімге әкеледі. 2018 жылы облыстық перинаталдық орталықта жаңа туған сәбилер арасында 108 өлім тіркелді.

"Біздің орталықта уақытынан бұрын босанатындар саны артып отыр, соның ішінде салмағы тым аз сәбилер де бар. 2018 жылы салмағы өте төмен 300 нәресте түсті, олардың иммундық жүйелері төмен деңгейде болады. Аналарынан жыныстан тыс дерттер анықталды. Интергеникалық аралықты сақтамау проблемасы да жиі кездеседі. Бір қарағанда жай нәрсе болып көрінуі мүмкін, бірақ осының бәрі баланың иммундық жүйесіне әсер етеді. Қайталап айтайын, шала туған, салмағы 1,5 кг-нан төмен сәбилер саны көбейді", – дейді облыстық перинаталдық орталықтың неонатология бөлімі меңгерушісі Гүлмира Әбекеева.

Облыстық перинаталдық орталықтың бас дәрігері бұл жағдайды әйелдердің психологиялық жағдайымен және жүктілік процесімен байланыстырады.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс педиатры Райса Баймұқанова соңғы екі жылдағы балалар өлімінің санын айтты. 2018 жылы облыс бойынша 1 жасқа дейінгі сәбилердің өлімі 176-ға жеткен.

"Әрине, жақсы көрсеткіш емес, бірақ бұл дәрігерлердің біліктіліктері төмендігін көрсетпейді. Әр өлім тіркеледі, ештеңе жабық қалмайды. Әр жағдай бойынша жан-жақты талдаулар жүргізіледі. Бұл мәселемен сарапшы дәрігерлер, аудитор дәрігерлер айналысып, жекелеген жағдайлар бойынша толық сараптама жасалады. Әйелдердің денсаулықтары көңіл көншітпейді, бұл мәселеде де құр қарап отырғанымыз жоқ. Алдын алу шаралары жүргізіліп жатыр", – деп мәлімдеді Райса Баймұқанова.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу