Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, өткен жылы салаға 60-қа жуық маман келген. Дегенмен өңірде әлі де кадр тапшылығы өзекті, деп жазады inbusiness.kz.
"Қазіргі таңда облысқа анестизиолог-реаниматолог, жалпы практика дәрігері, акушер-гинеколог, пульмонолог және инфекционист дәрігерлердің қажеттілігі жоғары. Кадр тапшылығын төмендету үшін бір жолға берілетін үстемақы көлемін жоғарылатып, қызметтік пәтермен қамту қажеттілігі жоғары. Сондай-ақ 2022 жылы 846 маман, оның ішінде 104 маман Израиль мен Германияда біліктілігін арттырды. Оған жергілікті бюджеттен 550 млн теңге бөлінді. Сондай-ақ облыстағы мемлекеттік медициналық ұйымдарда медициналық техникамен жабдықталу 92,3%-ды құрады", - деді денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуалиев.
Былтыр аймақтағы 8 068 пациент өзге өңірлерде ем алған. Оның 5 924-і жоспарлы түрде емделген. Жалпы ем шығыны - 5,1 млрд теңге.
"Атырау облысында 144 медициналық қызметтің тек 30 түрі ғана көрсетіледі. Бұл бойынша 506 операция жасалған. Алайда дәл осы операция түрлері бойынша Астана, Алматы, Ақтөбе және өзге облыстарда 407 пациентке операция жасалды. Атырау облысы бойынша 2023 жылдың екінші жартыжылдығында 5 бейін бойынша: отоларингология, урология, нейрохирургия, эндоскопиялық, онкологиялық бейін бойынша жаңа операция түрлерін енгізу жоспарлануда", - деді Қ.Абдалиев.
Жиыннан соң аймақ басшысы облыстық психикалық денсаулық орталығына барып, жұмысымен танысты. Мұнда ерлер және әйелдер бөлімі, күндізгі стационар мен невроздық бөлімде 140 науқас ем алады. Олармен балалар психиатры, психологы, қолданбалы мінез-құлықты талдау терапевті, логопед, дефектолог мамандар жұмыс істейді.
1936 жылы салынған 160 орындық ғимараттың тозығы жеткен. Бүгінде 250 орындық жаңа нысан салу үшін жобалық сметалық құжат жасалып жатыр.