Мұнайлы өңірде карантин кезінде көз жұмғандар саны күн сайын тіркеліп отыр. Соған қарамастан, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің сайтында Атырау облысында 13 адамның короновирус инфекциясынан қайтыс болғаны жөніндегі дерек тұр. Оның себебі облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Қабдықапаровтың онлайн-брифингтегі мәлімдемесінен кейін белгілі болды.
"Маусым айынан бері Атырау облысында 43 адам "COVID-19" инфекциясынан және 122 адам пневмониядан көз жұмды. Бұл деректер арнайы министрлікке жіберіліп отыр, ондағы комиссия медициналық көрсеткіштерді қарап, ресми мәлімдегеннен кейін барып, хабарланатын болады", – дейді Н.Қабдықапаров.
Жалпы, облыс бойынша қазіргі күні 5809 адамның пневмонияға шалдыққаны тіркелген. Бұл – былтырмен салыстырғанда алты есеге көп. Ал одан қайтыс болғандар биыл 122 болса, 2019 жылы 56 болған екен. Бұдан бөлек, Атырау облысы бойынша 243 медициналық қызметкер короновирус инфекциясын жұқтырып, оның бесеуі өмірден өтті. Бір жақсысы, облыстағы коронавирустан жазылып шыққандар саны өсіп келеді. Қазіргі күні 5253 адам дерттен айығып шыққан, бұл жалпы инфекцияға шалдыққандардың 60 пайызыен құрайды.
Сонымен бір мезгілде, облыстың бас дәрігері "Теңіздегі жағдай қазіргі күні ушығып тұрған жоқ, тұрақталып келеді" деген дерегімен бөлісті. "Теңізде 2166 КВИ жағдайы тіркеліп, оның ішінен, 1247-сі емделіп шықты, тағы 919-ы емделіп жатыр", – деп мәлімдеді облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Нұрлыбек Қабдықапаров.
Ал Атырау мұнай өңдеу зауыты, "Ембімұнайгаз", NCOC секілді басқа ірі компанияларға қатысты "COVID-19" инфекциясы бойынша аурушаңдық деректері аталған өндірістік мекемелердің өзінде тіркеліп отыр.
Құралай Қуатова,
Атырау облысы