Атырауда 7,1 мың адам коронавирус жұқтырып, 1,3 мыңы пеневмониямен ауырып жатыр

1167

Аймақта жақын арада "корона-такси" қызметі іске қосылуы мүмкін

Атырауда 7,1 мың адам коронавирус жұқтырып, 1,3 мыңы пеневмониямен ауырып жатыр

Атырау облысында бүгінде коронавирус инфекциясына шалдыққандар саны 7150 адамға жетіп, республика бойынша бірінші орында болып тұр.

Бұдан бөлек 1307 адам пеневмониямен ауырып жатыр. Қазіргі уақытта Атырау қаласы мен Жылыой ауданы инфекция ошағы ретінде тіркелді.

Осыған орай Атырау облысына үкіметтік комиссияны бастап келген Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың қатысуымен өткен онлайн-брифингте аймақта дертті жою мақсатында атқарылып отырған іс-шаралар талқыланды.

Қазіргі күні мұнайлы өңірде пандемиямен күреске 1429 дәрігер маман жұмылдырылды. Бірақ, медицина мамандары жетіспеушілігі мәселесі өткір тұр. Аталған мәселені шешу үшін Ресеймен келіссөздер жасалып, жас мамандарды тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, басқа өңірлерде интернатура мен орданитурада білімдерін жетілдіріп жүрген 122 атыраулық жас маман індетпен күреске жұмылдырылатын болады. 

"Ел бойынша салаға мыңнан астам кадр керек. Қазіргі жағдайда бізге сырттан ешкім кадр әкеліп бермейді. Ішкі ресустарды мейілінше тиімді пайдалануымыз керек. Бүгінде Атырау облысының жүзден астам жас тұрғыны интернатурада оқып жатыр. Оларды дайын маман десек те болады. Қазіргі уақытта жас мамандарды жергілікті жерлерге жіберу бойынша жұмыстар атқарылуда. Оның үстіне, интернатурада оқып жас мамандардың үй-жайының Атырауда болуы қазір біз үшін маңызды. Бұл туралы  Денсаулық сақтау министрлігіне тапсырма берілді",– деп нақтылады Премьер-министр орынбасары Ералы Тоғжанов.

Бұдан бөлек, Үкіметтің кеңейтілген отырысында облыс әкімдігіне жүктелген тапсырмаға сай, аймақта "корона-такси" қызметі жүзеге аспақ. Өңірде қазіргі күні 41 жедел жәрдем автокөлігі жұмыс істеуде. Алайда, олар науқастарды толық қамти алмай отыр. Ал жедел жәрдемге түсетін қоңыраулар саны екі есеге дейін өскен.
Сонымен бірге, Атырау облысы әкімдігіне дәріханаларды бірінші қажеттіліктегі дәрілермен қамтамасыз ету, 20 шілдеге дейін инфекциондық орындардағы кереует санын 350-ге дейін ұлғайту, мобильді топтардың санын 120-ға дейін көбейту, кислородтық стансалар санын ұлғайту және медициналық кадр мәселесін шешу тапсырылды. 

"Бүгін Алматы қаласына дәрі-дәрмектің бірінші рейсі келді. Және бүгін екінші ұшақ келеді. Яғни, бұл жалпы салмағы елу тонна препарат. Жеткізілген дәрі-дәрмектер бірінші кезекте коронавирус инфекциясын емдеуге бағытталған. Дәрі-дәрмектер ертең, арғы күндері барлық аймақтарға таратылады. Сенбі күні 35 тонна дәрі Делиден (Үндістан) жеткізіледі. Сондай ақ, Түркістан, Маңғыстау, Қызылорда облыстары, Шымкент қаласы Өзбекстаннан дәрі жеткізуді қамтамасыз етеді. Бұл дестрибюторлық компаниялар арқылы дәрі жеткізу мәселесіне байланысты. Қазіргі таңда Атырау облысында дәрі-дəрмекпен қамту 94 пайызды көрсетіп отыр. Бұл жағдай бақылауда болады", – деп атап өтті Ералы Тоғжанов.

Сондай-ақ, Атырауға қатынайтын жолаушылар пойызы тоқтатылып, Атырау және Құлсары қалаларында қатаң карантиндік режим қайта орнатылды. 

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу