Атырауда Асанәлі Тасқалиев деген азамат суға батып бара жатқан баланы құтқарып қалды. Ол немересімен "Бейбарыс" көпірінің астында келе жатқанда, кенет алдарынан екі кішкентай бала жүгіріп шығып, бір баланың суға құлап кеткенін көргендерін айтады. Асанәлі ойланып жатпастан, суға қойып кетеді де, батып бара жатқан баланы жағадағы балықшылардың қармағымен іліп алып шығып, алғашқы дәрігерлік көмек көрсетеді. Төтенше жағдай қызметінің жедел жасағы келгенше, ол баланы ауруханаға алып та кетіпті.
"Баланың пульсі бар екенін байқадым, дереу алғашқы көмек көрсетуге тырыстым, ауыз қуысын тазаладым. Қолымнан келгеннің бәрін жасадым. Бір кезде бала жылай бастады. Қуанып, тез арада орадым да, жақын жердегі №5 емханаға апарып, дәрігерлерге тапсырдым", – дейді Асанәлі Тасқалиев.
Бала қазіргі уақытта облыстық балалар ауруханасының жансақтау бөлімінде. Оған "мидың ісінуі" деген диагноз қойылған, жағдайы әзірге ауыр. Көпірден қалай құлап кеткені белгісіз.
Өкінішке қарай, "Бейбарыс" көпірінің тұсындағы Жайық өзенінің жағалауы қауіпті болғанына қарамастан, ойнап жүретін балалар жиі кездеседі. Биыл жыл басталғалы облыста 27 адам суға кеткен, оның 4-еуі кәмелет жасына толмаған бала.
Құралай Қуатова