Атырау облысының еліміз бойынша балық аулаудағы үлесі жалпы кәсіпшіліктің 29%-ын құрайды. Өкінішке қарай, өңір бұл жағынан Қазақстандағы соңғы орындарда тұр.
Саланы қайтсек дамыта аламыз? Балық шаруашылығы мамандарын қалай даярлау керек? Бұл сұрақтарға "Аквамәдениет және биоалуантүрлілік жағдайын зерттеу негізінде Каспий теңізінің және Жайық-Каспий су шаруашылық бассейні (Атырау облысымен шектеулес) балық ресурстарын молықтыру бойынша ғылыми негізделген шаралар мен ұсыныстарды әзірлеу" тақырыбы бойынша жүргізілген ғылыми-зерттеу жұмысы жауап бермек.
2019 жылдың қазан айынан бастап "Казэкопроект" ЖШС жүргізген зерттеу жұмыстарының мақсаты – балық шаруашылығын дамыту және Атырау облысының және Каспий теңізі жанындағы акваториясындағы су айдындарындағы су жануарларының биоалуантүрлілігін сақтап қалу жөніндегі шараларды жасақтау.
"Өңірдегі балық шаруашылығының жай-күйіне және балық аулаудың қазіргі режиміне талдау жүргізіліп, балық қорына зиян келтірместен кәсіпшілікті кеңейту бөлігінде нормативтік-құқықтық базаны нақтылау мүмкіндіктері қарастырылды. Жайық және Қиғаш өзендерінде, сондай-ақ, Каспий теңізінің жағалауына іргелес кәсіптік аулаудың түр құрамы мен көпжылдық динамикасы зерттелді, олардың өзгеру заңдылықтары мен себептері анықталды. Сонымен қатар, Жайық-Каспий бассейні су ресурстарының қазіргі жай-күйі зерттелді, су айдындарының гидрологиялық, гидрохимиялық және токсикологиялық көрсеткіштерінің көпжылдық динамикасына талдау жүргізіліп, су ресурстарының негізгі проблемалары анықталды. Су ресурстарына теріс әсерді азайту, оларды қорғау және ұтымды пайдалану жөніндегі іс-шаралар әзірленді", – дейді облыстық балық шаруашылығы басқармасының басшысы Артур Сәдібекұлы.
Бұдан бөлек, аймақтағы балық шаруашылығын қажетті кадрлармен қамту мәселесі қарастырылып, аквакультура және фермерлік балық өндірісі саласының мамандарын даярлау бойынша ұсыныстар берілген.
Құралай Қуатова