Атырауда биыл тұрақты жұмысқа тұрғандар – жоспардың 19 пайызын құрайды

925

Атырау облысында 2019 жылы "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасы аясында 28 344 адам жұмыспен қамтылып, 5 млрд.теңге қаржы игерілді.  

Атырауда биыл тұрақты жұмысқа тұрғандар – жоспардың 19 пайызын құрайды

Ал биыл бағдарлама аясында 23 566 адамды жұмыспен қамту көзделуде.

"Жыл басынан бері жұмыспен қамту орталықтарына хабарласқан он бір мыңнан аса адамның 54,5 пайызы жұмыспен қамтылды. Есепті кезеңнің соңына жұмыссыздар саны 9 805 адамды құрап отыр", – дейді жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Серік Қамидолла.

Дегенмен, мекемелерден түскен тұрақты жұмыс орындарына 2344 адам орналастырылып, жылдық жоспар 19 пайыз ғана орындалды. Төмен көрсеткіштер – Атырау қаласы мен Жылыой, Исатай аудандарына тиесілі.

Осыған байланысты өткен жиында халықты түгелдей қамти алмай отырған аудан әкімдеріне қатысты сын айтылды.

"Жұмыстарыңызда кемшілік көп. Бәрін карантинге сілтеп, сылтау айтасыздар. Жұмыс істейтіндерге әрдайым жол ашық. Төтенше жағдай кезінде де жұмыс істеуге жекелей рұқсат беріп, жағдай жасауға тырыстық. Облыстық арнайы штаб сол үшін күні-түні жұмыс істеді", – деп наразылық білдірді облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов.

Сондай-ақ, аймақ басшысы құзырлы органдармен бірлесіп, мекемелер мен кәсіпорындарда еңбекақылардың уақытылы және толық көлемде төленуін,  әлеуметтік әлсіз топтардың жағдайын талдап, қадағалауды тапсырды. 

Құралай Қуатова,

Атырау облысы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу