Атырауда тұмау белгілеріне байланысты медициналық көмекке жүгінген қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің қызметкерінен "Covid-19" індеті анықталды.
Облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті бұл деректі растағанмен, аталған мекеме карантинге жабылды деген ақпаратты қауесет деп таныды.
"ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің №38 қаулысына сәйкес мемлекеттік органдардың ұлттық компаниялардың, басқа да кеңселердің саны отыздан асатын қызметкері болса, тең жартысы, яғни 50 пайызықашықтықтан жұмыс жасай алады. Соған сәйкес, Атырау қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімі әлеуметтік қашықтықты және күшейтілген санитариялық–дезинфекциялық режимді сақтай отырып, қашықтықтан жұмыс істеп жатыр", – деп хабарлайды департаментің баспасөз қызметі.
Қазіргі уақытта науқас жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылып, бекітілген хаттамаға сәйкес ем қабылдап жатыр. Осы жағдайға байланысты науқаспен жақын қарым-қатынаста болған адамдар анықталып, медициналық бақылауға алынды.
Құралай Қуатова,
Атырау облысы