Бүгін Атырау қаласына жақын Қарабатан кеніші жақтан түсірілген қара түтіннің суреті әлеуметтік желілерді шарлап кеткен. Облыстық экология департаменті осыған байланысты тексеру жүргізіп, ауаға шығырылған қара түтіннің "Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В." компаниясының "Болашақ" зауытына тиесілі шырақты қондырғыдан шығып жатқанын анықтады. Түсіндіре кетсек, бұл жерде Каспий теңізінің қазақстандық бөлігінен өндірілетін Қашағанның шикі мұнайы экспортқа шығару үшін түрлі қоспалардан тазартылады. Ал Қашаған кен орнының 4200 м тереңдіктен алынатын өнімі жоғары қысымға ие, ал мұнайының құрамында күкіртсутегі мен көмірқышқыл газы көп.
Осы жайға орай, аталған департамент қызметкерлері мобильді жылжымалы зертханамен Қарабатан аумағына барып, сол жердегі атмосфералық ауаны өлшеген. Енді өнеркәсіп нысаны жоспардан тыс тексерілетін болады, оның қорытындысы алдағы уақытта БАҚ-қа хабарланбақ.
Құралай Қуатова