Атырауда туберкулезге қарсы күрес диспансері жанындағы провизорлық стационар уақытша жабылды. Ондағы соңғы науқас 12 тамыз күні емделіп шыққан.
"Соңғы аптаның ішінде стационарға коронавирус, пневмония дертімен науқастар түскен жоқ. 15 тамыздан бастап, біздер провизорлық стационарды жаптық. Екі күн бойына дезинфекция жасалды. Қазіргі уақытта дәрігерлерімізді еңбек демалысына жібердік", – дейді Атырау облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансері директорының міндетін атқарушы Серік Әбішев.
Емдеуші дәрігер Асхат Есмурзин туберкулезге қарсы күрес диспансері жанындағы провизорлық стационарда наурыз айынан бері жұмыс істеп келген маман.
"Пандемия ушығып тұрған кезде тәулігіне 20-30 адамға дейін қабылдадық. Көп жағдайда 70-80 пайызға дейін өкпесі қабынған науқастар түскен еді", – деген дәрігер Асхат Есмурзин атыраулықтарды гигиеналық шараларды сақтауға, коронавирус белгілері байқалған жағдайда дереу дәрігерге көрінуге шақырды.
Қазіргі уақытта Атырау облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансері пандемияның болуы мүмкін "екінші толқынына" дайындық жүргізуде. Қауіпсіздік мақсатында бүгінде мұнда 25 орынға кислородтық желілер тартылып, дәрі-дәрмек, медициналық жеке қорғаныс құралдары қоры жасақталып жатыр.
Айта кетейік, пандемияның өршу сатысы кезінде Атырау облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансері жанынан 100 орындық провизорлық стационар ашылып, тәулігіне 20-30 адамға дейін науқастарды қабылдаған болатын. Бұған дейін Махамбет аудандық ауруханасы жанынан ашылған инфекциялық орталықтың жабылған болатын. Бүгінде Атырау облысында коронавирустан емделіп шыққандар саны 93 пайызға жетті.
Құралай Қуатова