Атыраулық ғалым Муфтах Диаров қайтыс болды

3347

Халық оны "Табиғат тамыршысы" деп айрықша қадірлейтін.

Атыраулық ғалым Муфтах Диаров қайтыс болды

Атырауда бүгін таңертең белгілі ғалым, кеңестік және қазақстандық геолог, геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан ҰҒА академигі Муфтах Диаров қайтыс болды. Ол ұзақ жылдар еңбек еткен Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің ұжымы оның өмірден өткенін қайғыра хабарлады, деп жазды inbusiness.kz тілшісі.  

1933 жылы туған Атырау облысы Махамбет ауданында дүниеге келген Муфтах  Диарұлы 1978-1992 жылдары ҚазКСР ҒА Мұнай және табиғи тұздар химиясы институтының зертханасын басқарып, 1992-1997 жылдары ҚР ҰҒА Батыс бөлімінің академик-хатшысының орынбасары, 1997 жылдан бері "Атырау-ғылым" АҚ вице-президенті қызметін атқарды. 

"Муфтах Диаров Каспий маңы ойпатында бор және бор-калий тұздарын іздеу мен барлау мәселелерімен айналысты. Минералды тұздарды барлау әдістемесін жасады. Сатимола, Индер ірі кен орындарының ашылуына қатысты. Ол өзі таңдаған мамандығына деген адалдықтың үлгісі бола білді. Атырау аймағының ғана емес, еліміздің экологиялық ахуалын саралаған ғылыми еңбектері жоғары бағаланды. Халық оны "Табиғат тамыршысы" деп айрықша қадірледі. 350 ғылыми еңбектің және екі патенттің авторы атанды.  Оның ойлап тапқан тәсілдері шетелдерде де  қолданылып келеді. Эколог ғалымның бағалы бастамалары мен ұтымды ұсыныстары отандық және шетелдік мұнай-газ компаниялары тарапынан қолдау тапты. Профессор Муфтах Диарұлының жарқын бейнесі шәкірттерінің, әріптестерінің және бәріміздің жүрегімізде мәңгі сақталады", - дейді аталған оқу орнының ректоры Гүлзада Шакуликова.

Туған жерін жоғары бағалаған, сол себепті небір ғылыми орталардың шақыртуын қабыл алмастан, туған жерінен табан аудармай еңбек еткен Муфтах Диаров өңір геологиясын жан-жақты зерттеп қана қоймай, өмірінің соңына дейін экологиялық ахуалдың сақталуы үшін күресті. Осы орайда ол өткір пікірлері мен болжамдары ғылыми негізде сүйене отырып, ашық айтуымен ерекшеленетін. Оның "Егер осы қарқынмен кете берсе Атырау халқы бір күні оянбай қала ма деп қорқам" деген ащы жанайқайы аймақ халқына жақсы таныс. Сол сияқты, облыстағы қоршаған орта жағдайына тұрақты мониторинг жасап, әлеуметтік әсерін бақылап отыратын ғалым соңғы зерттеулерінде ең нашар экологиялық жағдай облыс бойынша Құлсары (Жылыой ауданы) және Атырау қалаларында, салыстырмалы түрде қолайлы көрсеткіш мұнай өндірісі жоқ Махамбет ауданында екенін айтқан болатын. 

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу