Атыраулық кәсіпкерлер талаптың көптігі жұмысқа кедергі келтіріп отырғанына наразы

1280

Мобильді қосымша көп және бәрі де ақылы. 

Атыраулық кәсіпкерлер талаптың көптігі жұмысқа кедергі келтіріп отырғанына наразы

Атырауда жеке кәсіпкерлер жаңа технологияларды енгізу бойынша қаптаған талаптардан бас көтере алмай отырғандарына шағымданды. Шығыны көп, табысы аз болып кеткен саудадан бас тартып, дүкендерін кері тапсыруды ойлап отырған шағын және орта бизнес иелерінің саны көбейіп барады, деп жазды inbusiness.kz тілшісі. 

Заман ағымына сай келген дұрыс-ақ, бірақ қосылған құн салығы шегіне, банктердің жоғары пайыздары мен тауарларға ілеспе жүк құжаттарының енгізілуі, "Виртуалды қойма" жобасы шағын бизнестің дамуына кедергі келтіре бастаған. 

"Біз онсыз да тәулігіне 16 сағат жұмыс істейміз, егер виртуалды қойма, электрондық шот-фактуралар мен тауарларға ілеспе жүк құжаттары енгізілсе, олармен айналысатын уақытымыз қалмайды. Қазіргі күні саудадан түсетін табыс аз, сатушыны да, бухгалтерді де жалдауды қалтамыз көтермейді", – дейді кәсіпкер Ләззат Досмағамбетова.

Оның үстіне, азық-түлік, зат алуға келген клиент те барлық процедуралар жасалып болғанша күтіп тұрғысы келмейді. Бұл жағдай, әсіресе, тұрғын үйлердің айналасындағы жеке немесе жалға алған шағын дүкендерді ашып отырған кәсіпкерлерге қиын тигені байқалады. Олардың айтуынша, халықтың да жай-күйін бұрынғымен салыстыруға келмейді, көпшілігі үйіне жақын дүкендерден ішіп-жейтінін арнайы дәптерге жаздырып, қарызға алып отыр. 

Айта кетейік, 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда тауарларға ілеспе жүк құжаттарын енгізуді көздейтін "Виртуалды қойма" пилоттық жобасы іске қосылды. Ол Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) шеңберінде тауарлар айналымының толассыз бақылануын қамтамасыз етуге тиіс. Бұдан бөлек, заңсыз алкоголь өнімдерін анықтау үшін "Wipon Pro" қосымшасы әзірленген, сауда жасаушылар оны орнатуға міндетті. Белгілі болғандай, "Виртуалды қойма" үшін кәсіпкер жылына 8 мың теңге төлейді екен. Алайда ол кейбір брендтерді оқымайтындықтан, сандарды қолмен теріп енгізуге тура келеді. Кассалық аппаратқа дейін қалтасынан сатып алып, бар уақытын қаптаған бағдарламаларға тіркелумен өткізіп жатқан жеке кәсіпкерлер мемлекеттік мекемелер бұл міндеттерді азайтса деген ұсыныс айтады. Оның үстіне, олар коммуналдық тарифтерді есептегенде заңды тұлға ретінде есептеп, банктерден несие аларда бұл категорияға іліктірмейтіне наразы. 

Азамат Маккет – үш шағын маркеттің иесі. Оның айтуынша, тауарларды сатудан түскен табыстың 15 пайызы коммуналдық қызметтер, банктік пайыздар, салықтар мен қызметкерлердің жалақысы үшін шығындарды толық өтемейді.

"Біз өзіміз орнатқан контейнерден қоқысты шығару үшін айына 60 мың теңге төлейміз, оған қоса жарық, газ, су, салық, қызметкерлердің жалақысы, үй-жайды жалға алу үшін төлеу қажет. Банк картасымен немесе QR-кодпен төлеу үшін банк бізден 3 пайызға дейін ұстап қалады. Картадан ақша алу үшін тағы 1 пайыз ұстайды. Нәтижесінде айына 400 мың теңгені банктерге береміз. Егер "Виртуалды қойма", өзге де айтылған жаңа жобалар енгізілетін болса, мұның барлығы шағын бизнесті тұншықтырады", – дейді ол. 

Бұдан бөлек, шағын бизнес иелері заңды тұлғалар үшін белгіленген қоқысты тазалау тарифтерін де қайта қарауды сұрайды. Талап бойынша әрбір дүкенге қоқыс жәшігін қою міндеттелген. Алайда қоқысты шығару тарифін көтеріп қойған.

Айталық, егерде 150 шаршы метрлі шағынмаркет болатын болса, әрбір қоқыс шығарғаны үшін тиесілі мекемеге 150 000 теңге төлеуі тиіс. 

Осы және басқа да мәселелер Атырау облысының кәсіпкерлері және жұмыс берушілер одағындағы азық-түлік дүкендері иелері мен мемлекеттік құзырлы органдардың, монополистердің, кәсіпкерлікті дамыту институттары өкілдерінің кездесуінде ортаға салынды.

Кездесуге қатысқан қалалық кәсіпкерлік бөлімінің, мемлекеттік кірістер департаментінің өкілдері кәсіпкерлердің мәселелерін шешуге ықпал етіп, ұсыныстарын орталыққа жеткізуге уәде берді. Бизнес өкілдері мұнымен тоқтап қалмай, ұсыныстарын қағаз бетіне түсіріп, облыстық кәсіпкерлер мен жұмыс берушілер одағының атынан ҚР үкіметіне хат жолдамақ.  

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу