Атырау қаласының 1970 жылы туған тұрғыны үйінің ішінен жылыжай жабдықтап, онда есірткі өсіріпті. Облыстық полиция департаменті анықтағандай, ол өсімдікті жатын бөлмесінде, жарық жақсы түсетін жерде қолайлы температурада шағын жылыжай іспеттес етіп жабдықтап, өсіріп отыр екен. Айтуынша, "өзі қолдану үшін" өсірген.
Жүргізілген наркологиялық сараптама "агрономның" өзінің де қанының құрамында есірткі барын анықтады. Қазір оның өсімдік тұқымын қайдан алғаны мен қылмыстық бизнеске қатысы бар-жоғы анықталып жатыр.
"Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің "құрамында есірткі заттары бар, өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз өсіру" бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде", – деп хабарлайды полиция департаментінің бастығы Қамза Үмбетқалиев.
Құралай Қуатова